Алматыда көлік зауытының іргетасы қаланды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мультибрендті автомобиль зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесу өткізген. Сонда қаладағы көлік кептілісіне ерекше мән беріп, оның азаматтардың денсаулығына тигізетін әсері туралы айта келіп, оны шешудің жолы ретінде қоғамдық көліктерді көбейту және жекеменшік көліктерді азайту мәселесіне тоқталған.
Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Президентқала тұрғындары үшін «жайлы қала» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу екенін айтты.
"Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табысты дамытудың мол тәжірибесі бар. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет", – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің Алматыда іргетасы қаланып жатқан Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысуы да осы қаладағы көлік және экология мәселесіне қатысы бар. Өйткені, ескі көліктер ең алдымен ауаны ластауға көп әсер етеді. Олардың орнын жаңа көлік басса, атмосфераны таза ұстауға мүмкіндік туады. Бұл ретте Алматыда 2024 жылдың төртінші тоқсанында ашылмақ алып зауыттың атқарар ролі зор болмақ. Бұл ең алдымен қала тұрғындарына, қала берді бүкіл қазақстандықтарға қолжетімді бағада сапалы, жаңа көлік алуға мүмкіндік береді. Ал, жаңа көлікпен жүрген қала тұрғындары өз қаласының экологиясы үшін аз алаңдауға мүмкіндік алады.
Зауыттың жобасымен танысқан президент зауыт жұмысшыларымен сөйлесті. Онда ол бұл жобаның мемлекеттік деңгейдегі келіссөздің нәтижесі екенін айтты.
«Бұл жоба елімізге өте қажет. Сондықтан тәуекел дейміз. Зауыттың жұмысына сәттілік тілеймін. Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза биыл Қазақстанға келген кезінде келіссөз жүргіздік. Соның ішінде осы жоба туралы да әңгімелестік. Нәтижесінде, міне, бұл жоба іске асырыла бастады. Құтты болсын!» – деді президент.
Жалпы, іргетасы қаланып жатқан зауыттың өндіріс аумағы 100 мың шаршы метрден асып жығылады. Үш түрлі автокөлік маркасын құрастырумен айналысатын зауытта әр марка үшін дәнекерлеу және құрастыру жұмыстарына арналған жеке цех салынып, жұмыс істейтін болады. Инвестицияның жалпы құны 100 миллиард теңгеден асатын зауыттың өндірістік қуаты жылына 90 мыңнан астам көлік шығаруға жетеді. Осы зауыттың арқасында «Astana motors» компаниясы тағы да 2200-ге жуық жұмыс орнын ашпақ.
Жалпы, президент осы сапарында қаланың экологиялық мәселесіне бірнеше рет тоқталды. Соның бірі осындай өндіріс орындарының экологиялық қауіпсіздікті қатаң сақтауы қажет екенін де айтты. Сондықтан, индустриялық аймақ негізінен газ тұтынады және Алматыда 2025 жылға дейін дизель жанармайымен жүретін қоғамдық көліктерді тұтыну тоқтатылады. Өйткені, Алматыда жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр станциялары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайтынын ескерсек, президенттің бұл бастамасы алдағы уақытта тек мегаполисте тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар ғана емес, осындай ірі зауыттардың экологиялық талаптарға сай болуына назар аудару керек екенін білдіреді.