Былтыр ШҚО-да 32,4 мың жұмыс орны ашылып, АӘК алушылар қатары азайған
Биыл зейнетақы төлемдері орта есеппен 8,5%-ға өскен
ШҚО-да өткен жылы экономиканың түрлі саласында 32,4 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл атаулы әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын 30%-ға азайтуға мүмкіндік берген. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз ету алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолын айқындау маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің әлеуметтік жауапкершілік принциптерін ұстанатыны аталып өткен. Мемлекет әлеуметтік төлемдер мен қолдауды күшейтуге ерекше назар аударып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға күш салып отыр.
Бүгінде облыста әр түрлі әлеуметтік осал топтарға жататын 300 мыңнан астам азамат тұрады. Олардың қатарында 140 мың зейнеткер, 27 мың мүгедек адам, 13 мың көпбалалы отбасы бар. Заңнама аясында азаматтардың кірістерін арттыруға және әлеуметтік кепілдіктерді іске асыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды іске асырылып келеді.
2024 жылы облыста 1 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 8 560 азамат қамтылды. Оның ішінде 5 396 бала бар. Сонымен қатар, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің жалпы құны 302 млрд теңгені құрады, дейді Нұрымбет Сақтағанов.
Нұрымбет Аманұлы аймақтағы әлеуметтік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын, әсіресе халықтың әлсіз топтарына арналған көмек көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттің қолдауы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр.
2025 жылдан бастап әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері енгізілмек. Мәселен, облыста атаулы әлеуметтік көмек медианалық табыстан есептелмек. Бұл халықтың табысы мен өмір сүру деңгейін ескеріп, көмек көрсету тиімділігін арттырады. Атап айтқанда, облыс бойынша медианалық табыс 114 566 теңге болса, кедейлік шегі 40 098 теңгені құрайды.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері орта есеппен 8,5%-ға өсті. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 32 360 теңгеден, ең жоғарысы 50 851 теңгеден басталады. Сондай-ақ, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған азаматтарға және көпбалалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар да ұлғайтылды. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға жәрдемақы 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін артты.
Фото: ШҚО әкімдігі