Салықтан жалтарған блогерлер: 2,2 млрд теңгенің ісі тексеріліп жатыр

Мемлекеттік кірістер комитеті салық міндеттемелерін орындамаған блогерлер туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
ҚазАқпарат агенттігінің ресми сұранысына жауап берген ведомство қазіргі таңда төрт блогерге қатысты салықтық тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
Бүгінгі күні камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарламалардың орындалмауына немесе толық орындалмауына байланысты бірқатар блогерлерге салықтық тексерулер тағайындалуда. Атап айтқанда, төрт блогердің табыс сомасын 2,2 млрд теңгеге төмендеткені анықталып, тексеру жүргізу туралы бұйрықтар шығарылды, — делінген комитет мәліметінде.
Еске салайық, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022–2023 жылдар аралығындағы кезеңге байланысты 854 блогерге 71,9 млрд теңгені құрайтын 1 586 хабарлама жолдаған болатын. Бұл шаралар камералдық бақылау нәтижесінде табысты төмендету деректеріне байланысты қабылданған.
2025 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша, 394 блогер қосымша декларация тапсырып, 11,8 млрд теңге табысын көрсеткен. Осы соманың ішінен 640 млн теңге салық ретінде есептелді.
Фото: Freepik

Ең көп оқылған
