Қостанай облысында кәсіпкерге 67 млн теңге айыппұл салынды

Лисаковск қаласының тұрғыны салық салу объектілерін жасырып, салық органында тіркелу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz Kazinform-ге сілтеме жасап.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, жергілікті мемлекеттік кірістер басқармасы 2023 жылғы 1 қаңтардан 31 мамырға дейінгі аралықта жеке кәсіпкердің айналымы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 000 еселенген мөлшерінен асып кеткенін анықтады. Мұндай асып кету заң бойынша кәсіпкерді 10 жұмыс күні ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге тұруға міндеттейді. Алайда кәсіпкер бұл талапты орындамай, салық органына тиісті өтініш тапсырмаған.
Нәтижесінде, кәсіпкер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген кезеңдегі айналым көлемі 450 миллион теңгеден асып кеткен. 2025 жылдың ақпан және сәуір айларында жіберілген заң бұзушылықтарды жою туралы ескертулерге қарамастан, кәсіпкер тек 2025 жылғы 24 сәуірде ғана ҚҚС бойынша тіркеуге тұрған.
Сот кәсіпкерді кінәлі деп таныды. Айыппұл сомасы 67 миллион теңгеден асты.
Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Kazinform / Pexels

Ең көп оқылған
