Таяу Шығыстағы соғыс: қазақстандық қаржыгер мұнай нарығына қатысты үш түрлі болжам ұсынды

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуы аясында Brent маркалы мұнайдың баррелі дүйсенбі күні 81,40 АҚШ долларына дейін көтерілді. Бұл – қаңтардың ортасынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
«Қара алтынның» бағасындағы тұрақсыздық қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Мұнай бағасына тәуелді еліміздің экономикасын не күтіп тұр? Осыған байланысты белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов Malim.kz тілшісіне үш ықтимал сценарийді айтып берді.
«Бірінші сценарий – тараптардың бейбіт келіссөздерге келуі. Бұл жағдайда мұнай бағасы "тұрақталады", барреліне шамамен 65 доллар шамасында болады, бұл – біз үшін жайлы деңгей», – дейді сарапшы.
Екінші сценарий – прокси-қақтығыстың жалғасуы. Бұл дегеніміз – палестиналық қарулы ХАМАС тобының, Йемендегі исламшыл көтерілісшілердің – хуситтердің, сондай-ақ Иранды қолдайтын басқа да топтардың араласуы. Егер олар АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде әрекет етіп, Ормуз бұғазын жауып тастаса, онда мұнай бағасы одан әрі өседі.
«Ормуз бұғазын Иранның өзі емес, содырлар жабады. Мұндай жағдайда жүк тасымалдау ақысы – фрахт бағасы көтеріледі. Егер бір танкердің өзі шабуылға ұшыраса, мұнай бағасы одан да қатты шарықтайды. Суэц каналы туралы да ұмытпау керек. Ол да содырлардың нысанасына ілінуі мүмкін», – дейді Расул Рысмамбетов.
Үшінші сценарий – АҚШ-тың қақтығысқа тікелей араласуы.
«Бұл жағдайда бәріне қиын болады. Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асады деп болжауға болады. Иә, Қазақстан үшін бұл тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ сонымен қатар, тауар жеткізуде үзілістер, логистикалық тізбектердің үзілуі басталады.
Кез келген соғыс экономиканы құлдыратады, тіпті мұнай бағасы өссе де. Қазақстан мұнайын Vitol компаниясы арқылы сатады. Яғни, бұл серіктестермен келісімшарттарды қайта қарауға тура келеді. Иран – өте үлкен мемлекет. Бұл елдің діни режимі қандай қадамға баратынын түсіну өте маңызды. Қақтығыс ушығып жатса, бізге трейдерлермен қайта келіссөз жүргізуге тура келеді. Яғни, біздің тарап табыс көлемінің артуынан үміттенеді.
Алайда, Ормуз бұғазының жабылуы – екіталай. АҚШ-тың авиатасымалдаушы топтары кез келген құрылымнан басым түседі. Олар бұған жол бермейді», – деп түсіндіреді спикер.
Темірлан Құспаев, Malim.kz


Ең көп оқылған
