Түлеген Түркістан. Аймақтың әлеуеті артып келеді
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр
Түркістан облысы қай саланы алмасаңыз да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетіп отыр. Аймақ тарихының тереңдігімен ғана емес, ірі экономикалық өңірге айналған. Демографиялық өсім тұрғысынан да жоғары көрсеткішке ие.
Өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 млрд теңгеге жетіп, өсім 134%-ды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынуда. Нәтижесінде, облыста кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешіледі. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясын ақжолтай жаңалықтармен бастады.
Оның айтуынша, нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі. Биыл алғаш рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. 330 мектеп жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.
Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 аурухана күрделі жөндеуден өтуде.
«Республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. Яғни, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды», – деді спикер.
Облыстың туристік әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді. Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған. Туризм саласына жыл басынан бері 63 млрд теңге инвестиция бағытталды. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынды.
Түркістан қаласында 2,5 гектар аумақта «Қолөнер қалашығы» және 99 гектар жерге «Ипподром» салынуда. Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2023-2027 жылдар аралығында 7,5 млрд теңге құрайтын 6 емдік-сауықтыру ұйымының құрылысы жүргізіледі.
Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді.
«Табиғи газбен 1,8 млн адам қамтылып, жалпы қамту деңгейі 81,5%-ды құрайды. Екі жылда 187 мың тұрғын табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді. Ағымдағы жылы облыста 1161 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 560 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативті үлесі 94%-ға жеткізілмек», – деді өңір басшысы.
Құрылғанына 90 жыл болған Кентау жылу орталығы 85%-ға тозған. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, бүгінгі таңда 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары толық аяқталып, штаттық режимде жұмыс істеуде, 2 қазандықта қайта құру жұмыстарын аяқтауды жоспарланған.
Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды, 1 турбина және құрал-жабдықтар ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі температура белгіленген нормативтен де жоғары беріліп жатыр.
Президент тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.
Өңірде көгалдандыру және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бойынша ауқымды іс-шаралар өтуде. Бүгінгі таңда 1,5 мыңға жуық сенбілік өткізіліп, 500 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.
Түркістан облысы республикадағы жалғыз мақта өсіретін аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егіліпті. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі де аз болып отыр. Осы олқылықты болдырмау үшін заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады.
Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан қаласында мақтаны кешенді түрде өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны – 147 млрд теңге. Жылдық қуаты: 13 мың тонна иірілген жіп, 50 млн метр үй тоқыма бұйымдары, 7 млн дана төсек-орын. Зауытта 4000-нан астам жұмыс орны ашылады. Жалпы мақта кластерінде 226 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетуге тиіс.
Бұдан бөлек, жүгеріні терең өңдейтін Крахмал-сірне зауыты салынуда. Жоба құны – 36 млрд теңге. Жылдық қуаты 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады.
«Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы өңірімізге тиесілі. Австралия елінің тәжірибесінде ет кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл бағытта 55 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылады. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 7,8 млрд теңгені құрайтын 2 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылды», – деді өңір әкімі.
Облыс әкімі алдағы уақытта да аймақ әлеуеті көтеріле беретінін жеткізді. Білгір басшының бастамасымен Түркістан жаңаша түлей түседі деген сенімдеміз.
Фото: ortcom.kz