Жайылым кең болса, мал да көбейеді, ет өндірісі де артады

Malim Админ

  • 18.03.2021

Жер – көздің құрты. Біз өмір сүріп жатқан планетада өспейтін, көбеймейтін, ең қымбат нәрсе не деп сұрар болсақ, ол әрине – осы жер! Ұлтарақтай жер үшін жан беріп, күндіз ұйықтамай, түнде көз ілмей, ер үстінде мызғыған батыр бабалардың да басты мұраты ұрпақ үшін ұлан-ғайыр жер қалдырып кету болған. Жері жоқ ел болмайды, бұл – ақиқат. Бірақ, жерді иемдену бар да, оны игеру бар. Мемлекет өз жерін қалай пайдаланып жатыр деген сұрақ та үлкен мәнге ие. Қазақта «Бос жатқан жер жау шақырады» деген қорқынышты сөз бар. Сондықтан, мемлекеттің басты саясаты да Құдай берген, бабалар қалдырып кеткен жерді барынша бос қалдырмай, тиімді пайдалану екені сөзсіз. Ал, өз кезегінде азаматтардың өздеріне тиесілі жерлерді құр тастап қоймай, қажетіне жаратуы – мемлекет үшін де, азаматтар үшін де пайдалы болмақ. Азаматтар жерді игеру арқылы өмір сүру сапасын арттырып, шаруасын жолға қойса, жер қатынастары мәселесі толықтай жолға қойылған елдің ішкі саясаты да, сыртқы саясаты да сенімді жүретіні күмәнсіз.

Бұдан бұрын игерілмей, бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару туралы бастама көтеріліп, ол бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде де, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде де бірнеше рет айтылды. Тіпті, біраз облыстарда гектарлаған жерлер қайтарып алынды да. Оның бәрінің себебі – біреу-ақ: ауыл шаруашылығы мақсатындағы орасан үлкен жерді бос тастап қойған. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады дейді жауапты сала өкілдері.

Енді, бұл бастаманың қаншалықты тиімді екені жайлы бірер сөз. Бос жатқан жер мемлекет меншігіне өткен соң, «мемлекет қорғауында» деген желеумен құр бос жата бермейді. Егер бұлай болса, қайтарып алғаннан түк пайда болмақ емес. Кері қайтарылған жер ендігі кезекте мемлекет меншігінен азаматтарға қайта беріледі. Бұл жолы, әрине, көлденең көк атты біреу емес, ауыл шаруашылығы бойынша арнайы бизнес жоспары бар жекелеген кәсіпкерлерге беріледі. Оларға қойылатын талап та біреу: жерді игер! Игермесең, мемлекет меншігіне қайта өткізесің. Міне, осындай шеңбер.

Тағы бір жағы бар. Қазір ауылдық жерлерде жайылым тапшылығы қатты сезіліп жүр. Бұл туралы талай мәрте мәселе де көтерілді. Оның мәні мынада: Кезінде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген ел алдындағы азғантай жандығын сатып, жерін біреудің атына аударып беріп, екі қолға бір күрек іздеп қалаға ағылғаны белгілі. Өзі бұрынғы үкіметтен пәйге алғандар, жекешелендіру кезіндегі асығыстықты пайдаланып, көбінен қарпып қалғандар да болды. Енді бүгін қарасақ, сол жердің бәрі бос қалыпты. Бос жатқан жер – мемлекеттікі екен деп жүрген ел де сол жерде көп жылдан бері мал бағып келген. Өріс тапшылығы онша сезілмеген. Сөйтсе, бұл жер жекеменшіктегі жер екен. Ол алған да біреуге сатқан. Сатып алған адам келіп, жұрттың малын өрістен қуып, ауылға тықсыра бастаған. Сының салдарынан «малымызды бақшаға бақпасақ, басқа жер қалмады», - деп шағынғандар да болған.

Бұл сценарийдің тағы бір нұсқасы бар, ол да жиі қайталанады. Біраз жыл ауыл бетін көрмей кеткен әлдебір тұрғын күндердің күнінде ауылда жері бар екені есіне түседі. Келсе, өріп жүрген бөтен мал. Қанша егін ексе де, соншама жерді түгел игере алмайтыны белгілі, ары-бері ойлап тұрады да, жайылым үшін ақша алуға ойы кетеді. Жайылымды жалға беріп, ақша табу дегенді мүлде естімеген, оның үстіне бұл ауылға тиесілі, мемлекет меншігіндегі жер деп жүрген ауыл тұрғындары ондай ұсынысқа қалай көнсін, бірден-ақ қарсы шыққан. Арада келіспеушілік туындаған соң-ақ оңсын ба, енді жер иесі мен мал иесінің арасында аңдыс басталады. Жұрт малын өріске шығарады, әлгінің жандайшаптары малды ауылға қуып тығады. Болмаса, көрші ауылдың жайылымына қарай айдап тастайды. Тіпті, малдарын жазым қалған мысал да бар. Кейде тіпті, қамап тастап, айыппұл салмақ болғандар да болған. Сөйтіп ырғасып, әлі келе жатқан ауылдар бар. Соңғы жылдары бұрынырақта қалаға беталды жөнеп берген біраз жас, ақыл тоқтатып, оң-солын бағамдаған соң, оның үстіне соңғы кездері ауыл шаруашылығы саласында іс бастап жатқандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастағанын көрген соң, ауылға қайта бастады. Оның көбі осы өрісте мал бақсақ дейді, мал жайсақ дейді. Оның сыртында, ауылға қайтқан басқа салада жұмыс істейтін жастар да аз емес, ауыл болған соң, қолға бірді-екілі мал ұстамай тұра алмайтыны тағы белгілі. Осының есебінен, ауыл-ауылдарда мал басы саны бұрынғыдан әжептәуір өскен. Жайылым онсыз да тарылып бара ма, қалай деп жүргенде, күтпеген жерден қолдағы жайылымның өзі көзден бұл-бұл ұшқалы тұр. Не істемек керек? Әрине, мемлекеттің араласатын-ақ жері.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында да арнайы сөз болды. Жиынға қатысқан мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев жайылым жерлерге қатысты тағы бір мәселенің шетін шығарды. Оның айтуынша, көптеген жерлер банкте кепілде тұрған көрінеді. Яғни, жайылымды жалға беріп, пайда таппасын білген жер иелері жерін кепілге қойып, несие алған.

«Қазіргі уақытта тұрғындардың малын жаюға жайылым жерлердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Айта кетерлігі, елді мекендердің маңындағы жерлердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің және олардың қаржылық ұйымдарының кепілінде тұр. Ал бұл жайт жергілікті атқарушы органдарға мемлекет қажеттілігі үшін жерді алып қою іс-шараларын қабылдауға мүмкіндік бермей отыр. Осы орайда «кепілге қойылған жерлерді алу бойынша қандай іс-шаралар қолданылады, қолданыстағы заңнамада кепілге қойылған жерді алу тетіктері бар ма?» деген заңды сауалдар туындайды», - деді депутат Асқарбек Үйсімбаев

Әлбетте, үлкен мәселе. Бұған осы отырыста болған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов жауап берді. Вице-министр бұл тарапта қиындықтардың бар екенін растады. Десе де, ауыл әкімдері бос жатқан жерді жайылымдық мақсатта мемлекет меншігіне қайтарып ала алатынын айтты.

«Әсіресе оңтүстік өңірлерде мәселе өткір тұр. Таяуда ғана сараптама жүргізіп, оңтүстік өңірлерде жайылымдардың жүктемесі нормативтен 2 есе жоғары екендігін анықтадық. Соған орай қолданыстағы жер кодексінде әкімдіктердің мемлекет қажеттілігі үшін жайылым жерлерді алуы көзделген норма қарастырылған. Бұл нені білдіреді? Әкімдіктер елді мекен төңірегіндегі жерді пайдаланушылардан сол жерді алуына немесе елді мекеннен шалғайдағы дәл сондай жерді беруіне, учаскенің құнын өтеу арқылы сатып алуына мүмкіндік береді. Тіпті, халықтың қажетін қанағаттандыру үшін елді мекендердің маңындағы жерлерді әкімдіктердің қайтарып алғаны жайлы да деректер бар. Яғни, мұндай тәжірибе болғанымен белсенді түрде қолданылмайды. Әкімдердің барлығы осы жолмен жүріп отырған жоқ», - деді Рүстем Құрманов.

Демек, алдағы уақытта ауыл әкімдері «осы жолмен жүрсе», жайылым мәселесі де оң шешімін тауып қалар деп сенуге болады. Жайылым кеңісе, мал саны көбейіп қана қоймай, қоңдырақ болар еді. Өйткені, өріс – тарылған сайын тақыр келеді. Ал, тақырда жүрген малдың қоңды болуы тағы мүмкін емес. Бұл өз кезегінде ет өндірісі шаруашылығын дамытуды қолға алып жатқан салаға зиянын тигізбей тұрмайды. Ал, жайылым реттелсе, ет өндірісі де, мал саны да арта түседі.

Байланысты жаналықтар

«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

21.10.2024

Фермерлер Президентке хат жолдады

21.10.2024

Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне бірқатар тапсырма берді

14.10.2024

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

10.09.2024

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

05.09.2024

Қазақстанда қанша бас мал бар?

29.08.2024
MalimBlocks
«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

«Alsera kz» ЖШС жылыжай кешені «Бозарық» индустриялық аймағында салынбақ

Фермерлер Президентке хат жолдады

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл мол өнім алынған

Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне бірқатар тапсырма берді

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері белгілі болды

Қазақстанда қанша бас мал бар?

1 тамызда ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы іске қосылды