Конституциядан орыс тілін алып тастау туралы талап көтерген Елдос Тоқтарбай өзін қызметінен шеттеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов тіл мәселесіне қатысты жариялаған жазбалары үшін оны Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алып тастаған.
"Мені Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен тіл туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме "Орнын босатсын!" деп әмір беріпті. Бопты. Кетейік! Анығында, бұл – қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс", – деп жазған ол.
Ал Мереке Құлкенов Ara Media тілшісіне берген қысқа пікірінде бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтты.
"Ондай жиналыс болған жоқ. Жазбасын көрген жоқпын. Бейхабармын. Бүгін менің қолым тимейді. Жиналыс бүгін", – деді ол қысқа қайырып.
Еске салайық, бұған дейін Мереке Құлкенов жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеп, орыс тілін "өмір бойы бізбен бірге келе жатқан тіл" деп сипаттаған еді. Сондай-ақ ол Жазушылар одағының төрағасы болып тағайындалған кезде «жазушылар оппозицияда болмауы керек» деген пікір айтқан болатын.