"Бали, Кариб аралдарында демалатын". Қайын ағасы Каринаның өмірін миллиондаған қыз армандайтынын айтты

Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісіне қатысты сот талқылауы өтіп жатыр, деп жазады Malim.kz.
Сот кулуарында айыпталушының туған ағасы Нұржан Мамаш Qaz365.kz-ге жауап беріп, мән-жайды баяндаған.
Менің ойымша, Каринаның өмірін миллиондаған қыз армандайды. Бриллиант, шубаның түр-түрі бар, қаржыдан қиналған емес. Қайда барамыз, не ішеміз, не жейміз деген емес... Үкім қандай болатынын білмейміз, аққа Құдай жақ. Қазір біздің адвокат құжаттарды көрсетеді. Бір ұл, бір қызы бар. Төрт жыл Бельгияда елшілікте жұмыс істеді, бір жыл елде жүрді де, кейін тағы төрт жылға келісімшартпен Біріккен Араб Әмірліктеріне кетті. Ешқандай ұрып-соғу болған емес. Олар жыл сайын еңбек демалысына шыққан кезде Шымкентте бір күн, ауылдағы қара шаңырақта ары кетсе үш күн жатып, одан кейін жылына кем дегенде бір рет Бали, Кариб аралдары, Барселона, Лондон, Парижге демалысқа кететін. Ініміз кеш үйленгендіктен келінімізді жақсы қабылдадық. Келінімізді Омбыдан құда түсіп барып алып келгенбіз, - дейді ағасы.
Оның айтуынша, Сәкен Мамаш пен Карина алғаш танысқанда, қыздың анасы Каринаның орнына жазысып жүрген. Мақсаты – қызын жақсы жерге беру болған.
Телеграмда шешесінің, әжесінің, әпкелерінің барлығының сөздері бар. Кез келген әке-шеше қызының жақсы жерге, бақуатты жерге барғанын қалайды. Бәрі Карина 15 жаста болған кезде басталған. Екеуі mail.ru желісі арқылы сөйлесіп жүргенде қызының орнына шешесі сөйлескен. Жанар Сәкенмен Карина болып сөйлескен. Оны айтудан қорықпаймын, өйткені менде дәлелдер бар. Каринаның орнына Жанар сөйлескенін әпкесінің, апасының айтқаны бізде жазылып тұр. Барлығы сол ақшаға келіп тіреледі. Дипломаттың айлығы өте жақсы, - дейді Нұржан Мамаш.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін ұрған экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісіне қатысты сот отырысы басталғанын хабарлаған едік.
Фото: әлеуметтік желіден

Ең көп оқылған
