Берденов ісі: Сотта қастандықтың мән-жайы айтылды

Сот тыңдалымында қастандықтың жай-жапсары айтылды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша басты сот талқылауы жалғасып жатыр. Сотта куәгерлер Гаухар Нұржанова мен Бағлан Момыновтан жауап алынды.
Бір дыбыс естілді. Әуелі маған бұл отшашу секілді естілді. Бірақ қасымдағы құрбым тез әрекет етіп, «жат» деп айқайлады. «Жедел жәрдем» деп айқайлаған дауыс шықты. Ең бірінші болып жүгіріп бардым. Жараланған адамның қасына жақындадық. Жер қан болып жатты. Үстінде ақ көйлек болды, қан болғаны көрініп тұрды. Кәлима айтып жатты. Жедел жәрдем келгенше қасында болдық. Ернар Жиембай жерде жатты, оны ер адам ұстап отырды, - деп мәлімдеді сотта куәгер Гаухар Нұржанова.
Келесі куәгер, Ернар Жиембайдың досы Бағлан Момынов, сол күні болған оқиғаны баяндап берді.
Ол менің жақын досым, біз отбасымызбен араласамыз. Сол күні ол маған үйінің маңына келуімді өтінді. Өз көлігінен бір сөмке алып, менің жүксалғышыма салды. Сөмкенің ішінде не бар екенін мен қараған жоқпын. Одан кейін мешітке барып, намаз оқыдым. Шыққан соң бірден үйіме кеттім. Оған аңға бара алмайтынымды, басқа жоспарым бар екенін түсіндірдім. Бұл оқиға жайлы тек теледидардан білдім, — деді сотта куәгер Бағлан Момынов.
Сондай-ақ, сол күні әріптесі Аслан Жетпісбаевпен бірге жүргенін айтты. Ал, кейін көліктің жүксалғышынан сөмкені алып кеткенін білгенін жеткізді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған едік.
Фото: Шымкент әкімдігі

Ең көп оқылған
