Цифрлық теңге сыбайлас жемқорлықпен күресте нәтиже көрсетті

Цифрлық валюта идеясының бір тағаны – сыбайлас жемқорлықпен күрес болатын. Себебі, азаматтардың, оның ішіндегі – жекеменшік бизнес пен меморгандардың қатынасы сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа тәуекел жоғары нысанға жатады.
2023 жылы Ұлттық банк жобаның технологиялық сипатын ұсынған еді. Ұйымдар арнайы блокчейн жүйесіндегі есепшоттарда есеп айырысады. Бюджетті игеруге қатысты транзакциялар тек осы жүйенің ішінде жасалады. Бұл жүйеде әрбір тиынның қосымша ақпары – оның нақты қандай жұмыстар мен қызметтер үшін төленетіні жазылып тұрады. Ендеше, оны басқа мақсатқа жұмсау технологиялық тұрғыдан мүмкін емес. Тиындағы арнайы таңба тек жұмыстар толық аяқталған соң ғана жоғалып, еркін айналымда жұмсауға жарайтын болады.
Осы орайда бірнеше пилоттық жобалар жасалып, практикалық пайдасын көрсетіп те үлгерді. Көрнекі мысалы ретінде Павлодардағы жобаны атауға болады. Мамандар «Омбы – Майқапшағай» автожолының 383–390 шақырымын жөндеу жұмыстарын цифрлық валюта арқылы төлемдер арқылы жүзеге асырған. Нәтижесінде 839,2 миллион теңге болатын жұмыстар 100% атқарылып, бастан-аяқ толық бақылауда болған. Жол құрылысына жауапты мердігер шағал тас, мазут сатып алынып, жүк тасымалы мен жабдықты жалға алу ақысын цифрлық теңгемен төлеген. Бұдан кейін қаржылық құжаттарды тексеру және қадағалау сияқты қағазбасты жұмыстар еш қажет болмай қалған.
Фото: the-tenge.kz

Ең көп оқылған
