Денесін мұздатқышқа салып қойған: Ақтөбеде дәрігер өліміне қатысты іс қаралып жатыр

Нефролог Абай Айсағалиевті 31 жастағы мейіргер өлтірді деген күдікке ілікті. Айыпталушы сотта кінәсін мойындап, істі Алқа билердің қатысуымен қарауды сұрады.
Оқиға биыл мамыр айында болды. Арада үш ай өткенде тергеу жұмыстары аяқталып, іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті. Мейіргерге Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Ұрлық» баптары бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, жәбірленуші мен айыпталушы қаладағы жеке клиниканың бірінде жұмыс істеген. Бірнеше жыл бойы жақын араласып, айыпталушы нефролог Абай Айсағалиевтің жалғыз өзі тұратынын, банк есепшотында қомақты қаржы бар екенін біліп алған.
– Қылмысты алдын ала жоспарлап, 2025 жылдың 1-31 қаңтары аралығында Қытай сайты арқылы силикон маскаға тапсырыс береді. 19 мамыр күні айыпталушы әріптесі Абай Айсағалиевтің көзіне ота жасату үшін Астана қаласына баратынын біледі. 24 мамырда түнде оның Ақтөбеге келетінін біліп, айыпталушы сол үйге қарай бағыт алады. Айсағалиев еш ойланбастан есігін ашады. Сол кезде айыпталушы ас бөлмесіне Айсағалиевтің кеуде тұсына үш рет пышақ сұғып алады. Құлаған кезде басынан балтамен ұрады. Айсағалиев өкпе, жүрегі зақымданып, көп қан жоғалтып, қайтыс болады. Айсағалиевтің өлгенін білсе де оның қолын байлап, басына пакет кигізеді. Кейін денесін мұздатқышқа салып тастайды, - деді сот алды тыңдау кезінде прокурор Гүлзира Көшербаева.
Одан кейін айыпталушы үйдегі банк картасы, екі ұялы телефон, ноутбук, платшетті сөмкеге салып, алып кетеді. 2025 жылдың 25 мамыры күні алдын ала сатып алған силикон масканы киіп, А.Айсағалиевтің есепшотынан 900 мың теңге ақшасын алады. 27 мамыр күні жүк тасымалы қызметін пайдаланып, «ет толы мұздатқышты гаражға жеткізу» қызметіне жүгінеді. Кейін тағы бірнеше рет банкоматтан ақша алады. Жалпы көлемі 5 268 000 теңге ақшаны қалтасына басып, гараждағы мұздатқышты өзге мекенжайға тасымалдау қызметіне жүгінеді. Екі жағдайда да жүк тасымалдаушылар мұздатқыштың ішінде не бар екенін нақты білмеген. Себебі оны жабу үшін айыпталушы скоч пайдаланған.
Мен кінәмды толық мойындаймын және өкінемін. Бірақ менің арам ойым болмады, қасақана жасамадым. Қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлігі 8 тармағын 99 баптың 1 бөлігіне ауыстыруды, іске Алқа билерді қатыстыруды сұраймын, - деді айыпталушы.
Жәбірленуші тарап келіспей, тағы бірге тармақты қосуды сұрады. Себебі қылмыстық іс кезінде бірнеше зергерлік бұйымдары жоғалған және ол айыпталушыдан табылған әрі аса қатыгездікпен өлтірген деп түсіндірді.
Еске салсақ, нефролог Абай Айсағалиевтің туыстары оны 23 мамыр күні үйден шығып, қайта оралмағанын полицияға хабарлаған. Еріктілер де іздеу жұмыстарын жүргізді. 31 мамыр күні полиция дәрігердің денесі табылғанын, тергеу жүріп жатқанын айтты.
Фото: freepik.com