Мәжіліс рақымшылық туралы заңды қабылдады

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды.
Құжатты Парламенттің бір топ депутаты әзірледі. Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:
қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,
залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.
Сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген.
- Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды... Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды. Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды (Жобаның 5-бабы). Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды, - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Бұдан басқа, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі міндеттер жүктеледі.
Қазіргі уақыттың шындығын ескере отырып, рақымшылық жасау мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруға (жылына шамамен 5 млрд. теңге) және жүктемені азайту есебінен ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде үнемделген бюджет қаражатын ҚАЖ-ды қаржыландыруға және халықаралық-құқықтық стандарттарды енгізуге, оның ішінде камералық түрмелерге көшуге бағыттау мүмкін болады, - деді депутат.
Фото: istockphoto.com

Ең көп оқылған
