457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мұғалімдерден ақша жинамақ болған директор жазаланды

Әңгімелесуші әр мұғалімнен 2 мың теңгеден жинауды ұсынғанын айтқан

Желіде Алматы облысы Талғар ауданындағы мектептердің бірінің басшылығы мұғалімдерден ақша жинап жатыр деген ақпарат тарады.


Желіде тараған видеода мектеп басшылығы мұғалімнен алдағы семинарды ұйымдастыруға көмектесуін өтінеді.

Әйел нақты қандай көмек керек екенін сұрағанда, әңгімелесуші әр мұғалімнен 2 мың теңгеден жинауды ұсынады және басқа мектептердің көпшілігі бұл ақшаны әлдеқашан тапсырып қойғанын айтады. Алайда әйел қаржылық жағдайына байланысты бұл іске атсалыса алмайтынын түсіндіреді.

Видео жарияланған соң өңірдің білім басқармасы тексеру жүргізді. Оқиға Талғар ауданындағы №8 мамандандырылған мектепте болған.

Білім басқармасы әлеуметтік желілерде тараған «№8 мамандандырылған мектеп мұғалімдерінен ақша жиналып жатыр» деген ақпаратты тексерді. Ақша жинау туралы дерек расталмады. Алайда мектеп директоры әріптестеріне 2025 жылы 17 қазанда өтетін физика пәні мұғалімдеріне арналған семинарға баннер дайындауға және оқу роботын жалға алуға көмектесуді ұсынған, - делінген Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директорына ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы бойынша қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Еске салайық, бұған дейін мұғалімдер құқығы жиі бұзылатын 5 облыс белгілі болған еді.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіровтің айтуынша, Қостанай, Алматы, Абай, Жамбыл және Павлодар облыстарында әлі де бұзушылықтар болып жатыр. Олар көп жағдайда педагогке тән емес жұмыстарға тарту бойынша, педагогтердің ар-намысына тию, яғни балағаттау бойынша, концерт билеттерін сатып алуға және әртүрлі шараларға көрермен ретінде қатысуға мәжбүрлеу бойынша тіркелген.

Фото: pixabay