Неге ставка істеуге болмайды? Себебі сен - кептерсің.

IMAGE: malim.kz
Ставка істеме, бәс тікпе, карта ойнама, т.с.с. ақыл айтайын деп отырған жоқпын. Мен сені танымаймын - маған керегің шамалы. Жай, соңғы кездері адамдар молдадан сұрайтын сұрақты сұрай бастады. "Оразада ставка жасауға бола ма?" деп. Бәріне бір жауап жазғым келді.
Не істесең - соны істе. Әркім өзіне жауап берсін. Бұл постты саған ақыл айту үшін емес, ставка істейтіндерді мазақ қылу үшін жаздым. Себебі үнемі ставка істейтіндер - букмекерлердің жетектегі малы. Қойы, ешкісі, есегі.
Шынымды айтсам, арасында өзім де мың теңге тігіп тұрамын. Ойымның растығын тексеру үшін. Сондықтан, мен даладан келіп алып ақыл айтып отырған жоқпын. Ставканы - қағазбен тігетін кезден бастап ойнап жүрмін.
Неге ұтамын деп ойлайсың?
Ғылым-сылым, психология-мсихология деп миыңды шірітпеймін. Бірақ өзің қара.
Кептерлерге жасалған эксперимент бар. Кептердің алдына түймесі бар аппарат қояды. Кептер тұмсығымен басса, жем шашылады. Кептер жеп алады.
Енді, аппаратты - түймені 50 рет басқан кезде жем шашатын қылып қояды. Кептер күні бойы басып көріп жүріп, 50 рет басқанда жем шашылатынын түсінеді. Әрине, бұдан кептер шаршайды. Сондықтан, демалып алады. Ол 50 рет басса жем шашылатынын біледі. Жақсылап демалып алып, тағы да 50 рет басып тастайды. Жемді жеп алады. Әл жинап алып, тағы 50 рет басады.
Әрі қарай, аппаратты 100 рет басқанда жем шашатын қылып қояды. Бұл қиын, бірақ кептер оған да үйреніп алады. Түймені басардың алдында жақсылап тынығып алуға көшеді.
Енді, ең қызық жері! Аппаратты неше рет басқанда жем шашатынын белгісіз қылып қояды. Бірде 20 рет басқанда, бірде 120 рет басқанда, бірде 3 рет басқанда - адам түсінбейтін рандом қылып қояды. Осы кезде кептер оны үздіксіз баса береді. Себебі, заңдылық жоқ, сондықтан тамақсыз қаламын ба деп қорқады. Мүмкін, тағы бір бассам жем шашылар деп, үсті-үстіне баса береді.
Эксперимент ойдан шығарылмаған. Бұл - "Скиннер жәшігі" деген әйгілі эксперимент.
Ставка тігетін адам да сол кептер сияқты. Қашан ұтатынын білмей, ойнай береді.
Жұрт неге ойнайды?
Ұтамыз деп ойнамайды, кішкене сергу үшін ойнайды. Олар ставка үшін қарыз алмайды, мүлкін сатпайды. Олар да сен сияқтылардың есебінен ұтып жүр. Себебі сен сияқты бәрін салып, ұтылып қалатындар көп, ал ақшасы онсыз да бар адамдар аз.
Әрі қарай өзің біл.
Автор: Ереке Базарқұл, арнайы malim.kz үшін

Ең көп оқылған
