Әнші әрі продюсер Қанат Айтбаев мектептердегі "Қазақ тілі" пәнін "Мемлекеттік тіл сабағы" деп атауды ұсынды. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазған, деп хабарлайды Malim.kz.
Димаш Құдайбергеннің әкесі мұндай атау балаларға қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін мектеп кезінен ұғындыруға көмектеседі деп есептейді.
"Еліміздегі мектептердегі оқу кестесінде қазақ тілі сабағын жай ғана "Қазақ тілі" демей, "Мемлекеттік тіл сабағы" деп атаған жөн", – деп жазды Қанат Айтбаев.
Өнер иесі мемлекеттік тілді оқуға жауапкершілікпен қарау қажет екенін де атап өтті. Оның пікірінше, сабаққа немқұрайлы қарау, жөнді қатыспау немесе нашар баға алу мемлекет пен мемлекеттік тілге құрметсіздік ретінде қабылдануы керек.
Сондай-ақ продюсер қазақ тілінен тапсырылатын емтихан нәтижесіне жоғары оқу орнына қабылдау кезінде ерекше мән беруді ұсынды. Ол балалар әнұранды кішкентайынан жаттап өсетіні секілді, мемлекеттік тілді құрметтеуді де ерте жастан үйренуі қажет деп санайды.
Жазбаға пікір білдіргендердің көзқарасы әртүрлі болған. Бірі ұсынысты қолдаса, енді бірі пәннің атауын ауыстырудан бұрын оқыту сапасын жақсартып, мұғалімдердің жауапкершілігін күшейту керек деген ой айтқан. Бұл – Қанат Айтбаевтың жеке ұсынысы.
Айта кетейік, өнер иесі осыған ұқсас бастаманы 2023 жылы да көтерген. Сол кезде ол мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі пәнін "Мемлекеттік тіл сабағы" деп атау тілдің беделін арттырады деген пікір білдірген еді.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев кім?
Қанат Құдайбергенұлы Айтбаев – қазақстандық әнші, композитор, музыкант әрі продюсер. Ол 1971 жылғы 6 қаңтарда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Жұрын ауылында дүниеге келген.
Қанат Айтбаев ән орындаумен қатар, өзі де музыкалық шығармалар жазады. Оның авторлық туындыларының қатарында "Ақ тілек", "Астана вальсі", "Ақтөбем – алтын ән қалам", "Келмедің", "Ақ жүрек анама", "Балапаным", "Қыз мұңы", "Қос жүрек" секілді әндер бар. Жалпы, ол 30-ға жуық әннің авторы.
Өнер саласындағы жұмысымен бірге мәдениет мекемелерін басқару ісімен де айналысқан. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жетекшілік еткен. 2017 жылы қызметінен кетіп, ұлы Димаштың халықаралық өнер жолына көбірек көңіл бөле бастаған.
Жұбайы Светлана Айтбаева да – әнші. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Димаш Құдайберген бүгінде халықаралық сахнада өнер көрсетеді. Қанат Айтбаев оның продюсері ретінде концерттері мен шығармашылық жобаларын ұйымдастыруға қатысады.
2006 жылы Қанат Айтбаевқа "Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері" атағы берілген.
2026 жылы ол "Парасат" орденімен марапатталды. Марапатты Мемлекет басшысының атынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстаған. Министр оның отандық мәдениетті дамытуға және қазақстандық музыканы насихаттауға қосқан үлесін атап өткен. Бұл туралы бұған дейін Malim.kz те жазған болатын.