Абай облысында әуе рейстері көбейді

Абай облысында биылғы туристік маусымға дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Бұрын әр тараптағы жолаушылар мен туристер ұшақтың аздығынан пойызбен, автокөлікпен ұзақ жол жүрсе енді бұл мәселе оңтайланды.
Өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту және ішкі туризмді жандандыру мақсатында жаңа әуе рейстері ашылып, тұрғындар мен туристерге қолы ұзарып қалғандай.
2025 жылдың маңызды жаңалықтарының бірі – Үржар ауданына алғаш рет «SCAT» әуе компаниясының «CRJ-200» жолаушылар ұшағының қонды. Бұрын аудан тұрғындары «АН-24» ұшағымен қатынап келген болса, енді «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша аптасына 7 рет тұрақты әуе қатынасы орнады. Канадалық өндірістен шыққан бұл 50 орындық ұшақ өңіраралық бағыттарға өте ыңғайлы және жайлы. Жаңа рейстер тек жергілікті халыққа ғана емес, Алакөл мен өңірдің басқа да туристік орындарына келетін қонақтар үшін де үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан субсидияланатын бұл бағыттағы билет бағасы да қолжетімді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Берік Уәлидің тікелей қолдауымен «Шымкент-Семей-Шымкент» бағыты бойынша жаңа маусымдық әуе рейсі іске қосылды. 2 маусымнан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясы бұл бағытта сыйымдылығы 180 орындық «Airbus А320» ұшағын аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшыра бастады. Ұшу уақыты Шымкенттен кешкі 17:00-де, Семейден кері бағытта кешкі 19:00-де жүзеге асады. Жаңа бағыт туристердің киелі Қоңыр Әулие үңгірі, «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы, Ырғызбай әулие кесенесі, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «Еңлік-Кебек» ескерткіштері сияқты тарихи-мәдени нысандарға баруын жеңілдетеді.
Семей қаласынан бүгінде «Семей – Алматы», «Семей – Астана», «Семей – Үржар», «Семей – Шымкент» бағыттарында тұрақты әуе рейстері орындалып келеді. Бұл рейстерді «Fly Arystan» мен «Южное небо» компаниялары жүзеге асырып отыр. Сәуір айының соңында «Семей – Астана – Семей» бағыты бойынша жаңа рейс іске қосылып, сыйымдылығы 48 орындық «АН-24» ұшағы жолаушылар тасымалдай бастады. 1 мамырдан бастап «Алматы – Семей – Алматы» және «Астана – Семей – Астана» бағыттарына қосымша рейстер де қосылды. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлылық туғызып отыр.
Абай облысының халықаралық ынтымақтастығын дамыту бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Облыс әкімі Берік Уәли Қытайдың Алтай қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы әкімінің орынбасары Бақытжан Қағбатұлымен кездесіп, «Семей – Баян-Өлгей» бағытында тікелей әуе рейсін ашу мәселесін талқылады. Бұл бастама екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, Моңғолиядан Семейдегі ет комбинатына мал етін тасымалдау көлемін арттыру және туризмді дамыту мәселелері де қарастырылды.
Жалпы алғанда, Абай облысында әуе қатынасының дамуы – өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, экономиканы дамытуға және халықтың көлікпен қатынау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жаңа рейстер мен қолжетімді баға – тұрғындар үшін де, туристер үшін де үлкен мүмкіндік.
Фото: Абай облысы әкімдігі

Ең көп оқылған
