Алматыда экс-полицей сүйіктісін өлтірді деген күдікке ілінді

Алматыда полицей отбасылық жанжал кезінде бірге тұратын әйелін өлтіріп, артынша өзіне қол салмақ болды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға туралы ақпарат 3 мамырда мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарады. Алматы қалалық Полиция департаменті бұл мәліметті растады. Қазір әйелді өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Алдын ала мәлімет бойынша, бірге тұрып жатқан екі адам арасында жанжал шыққан. Сол кезде ер адам әйелге бірнеше рет пышақ сұғып, салдарынан әйел оқиға орнында қаза тапқан. Кейін күдікті пышақпен өз мойны мен ішінен жарақаттап, өзіне қол салмақ болған", — деді полицияның баспасөз қызметі.
Күдікті оқиға орнында ұсталып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, полицияның күзетінде жатыр.
Полиция бұл адамның бұрын Алматы облыстық Полиция департаментінде қызмет атқарғанын, бірақ теріс себептермен жұмыстан шығарылғанын нақтылады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, наурыздың аяғында Таразда жалдамалы пәтерден полицейдің мәйіті табылған еді. Бұл оқиға бойынша "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабымен іс қозғалған.
Фото: Polisia.kz
MalimBlocks
