Апатқа ұшыраған ұшақтың «қара жәшігі» Бразилияға неге жіберілді?

Құлаған Embraer жолаушылар ұшағы осы елде жасалады

Malim Админ

  • 30.12.2024

Ақтау қаласы маңына құлаған әзербайжандық ұшақ туралы түрлі болжам айтылып жатыр. Көлік министрлігі енді ұшақтың «қара жәшігін» Бразилияға жібермек. Ведомство неліктен бұл шешімге келді? Kazinform-ның сарапшылармен жасаған талдауын назарларыңызға  ұсынамыз.


Саяси тұрғыда ешкім ықпал ете алмайды

Еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу жөніндегі комиссия құжат негізінде және ИКАО ұсыныстары бойынша, Әзербайжан мен Ресейдегі авиация саласының өкілдерімен кеңесіп, «қара жәшікті» Бразилиядағы авиация оқиғаларын тергеу орталығына (CENIPA) жіберуді ұйғарды. Себебі құлаған Embraer жолаушылар ұшағы осы елде жасалады. CENIPA орталығында «қара жәшіктерді» оқуға қажет техника да, зертхана да жасақталған.

Айтпақшы, Қазақстанға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) бас хатшысының тапсырмасына сәйкес, авиация оқиғаларын тергеу секциясының басшысы Тормодур Тормодсон келген. Бұның алдында CENIPA мен мемлекетаралық авиация комитетінің өкілдері де жеткен болатын.

Қазір ұшақ апатына байланысты болжамдар мен пікір қайшылығы барын жасырмаймыз. Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer Е190 ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау маңына құламас бұрын Грозный әуежайына қона алмаған, анығында, ұшақты қабылдамаған. Әуелі Махачқалаға бұрып, кейін ұшақ Ақтау қаласына бет алыпты. Міне, содан соң Каспий теңізі үстінде төтенше жағдайға тап болғаны жөнінде белгі берген.

Ұшақ құстарға соғылды дегенмен, шанағында оқ іздеріне ұқсас белгілер байқалған еді. Мамандар ұшақ ресейлік әуе қорғаныс жүйелеріне тап болған деген нұсқаны да жоққа шығармайды. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл жағдайда Қазақстан дұрыс ұйғарымға келе білді.

– Қара жәшіктің Бразилияға талдауға жіберілуі саяси тұрғыдан алғанда тәуелсіз шешім шығаруға әсер етпек. Ұшақтың құлау себебіне байланысты Ресей мен Әзербайжан арасында келіспеушіліктер болды. Талдаудың бейтарап түрде, басқа елде жүргізілуіне Әзербайжан тарапы мүдделі болған еді. Ал Ресей талдауды ТМД-ға қарасты мемлекетаралық авиация комитетіне тапсыруды көздеген.

Қазақстан Ресеймен де, Әзербайжанмен де достық қарым-қатынаста. Сондықтан мәселеге біржақты қарамай, «қара жәшікті» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыруы дұрыс шешім болды. Бұл орталық ешкімге тәуелді емес, белгілі бір мемлекеттермен байланысы жоқ. Сондықтан апаттың қалай болғанын анықтап, талдау қорытындысын ашық жариялайтынына сенеміз, – дейді ол.

Талдау қорытындысына күмәнданбауға болады

Авиация саласының сарапшысы Абыл Кекілбайдың пікірінше, алдағы уақытта талдау қорытындысы қандай болса да, күмәнданбауға негіз бар. Өйткені мұхиттың арғы бетіне «қара жәшікті» жіберудегі мақсат – тәуелсіз талдау мен ашық қорытынды.

– Қара жәшікті ұшақ жасалған Бразилия еліне талдауға жібергені дұрыс деп есептеймін. Онда апат болар кезде ұшақтың қандай биіктікте, қандай жылдамдықпен ұшқаны, экипаж мүшелерінің шешімі жазылған. Бұл тұста бір емес, екі қара жәшіктің барын ескере отырып, талдау қорытындысы тәуелсіз негізде, әділ шығады деп ойлаймын. Яғни, саяси мәселелердің қатысы болмауға тиіс. Embraer зауытындағы мамандардың мүмкіндігі мол, шешімдері күмән келтірмесі анық. Оның үстіне комиссия өкілдері ретінде әзербайжандық, қазақстандық мамандар да талдау процесіне қатысуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Абыл Кекілбайдың айтуынша, негізі Embraer ұшақтары қауіпті саналмайды. Дегенмен Air Astana компаниясы бұл ұшақтардан бас тартпақ. Себебі компания унификация жасап, бірыңғай Airbus 320 және 321 ұшақтарын жасақтағысы келіп отыр.

«Қара жәшік» қалай жұмыс істейді?

Көпшіліктің көкейінде ұшақтағы ақпараттар жазылатын «қара жәшіктің» жұмысы жөнінде сауалдар туындауы мүмкін. Ең алдымен ол бүліне қоймайтынын, бірақ оңай табылатынын айта кетейік. Компьютердің қатты дискісіне немесе жад картасына ұқсас ерекше қорғалған жазу аппараты. Мұнда ұшу кезіндегі авиалайнер жұмысының барлық маңызды параметрлері, ұшқыштардың сөйлескені сақталады.

Маңыздысы – төзімділігі. Мәселен, пайдалануға берер алдында жәшіктер сынақтан өткізіледі. Бетон қабырғаға 750 км/сағ жылдамдықпен соғылғанға, кем дегенде бес минут бойы 2,25 тонна қысымға, кемінде 1100 градус цельсийге дейінгі температураға бүлінбей, су астында 6000 метрге дейінгі тереңдікте тұра алуға тиіс. Теңізде жылдам байқау үшін жәшіктерге тұзды сумен жанасқан кезде автоматты түрде екі километр радиуста белгі алуға болатын етіп радиомаякты қосады.

Ұшқыштар бұл жәшіктерден ештеңені де жасыра алмайды. Кабинадағы барлық дыбыс, компьютерге берілген нұсқаулық, жердегі қызметкерлермен әңгімелескені, тіпті, жолаушыларға қандай хабарландырулар айтылғанына дейін жазылады. Шуды, әрісі қозғалтқыштың дауысын да тіркеп отырады. Яғни, апат бола қалған жағдайда жәшіктегі жазбалар нақты себепті анықтауға көмектеседі.

Қазір ұшқыштар «қара жәшікті» өздері қосып немесе өшіре алмайды. Ұшақ оталғанда автоматты түрде жазба басталады. Кейінгі жылдары «қара жәшіктердегі» деректер көбейгені жиі айтылып жүр. Себебі мыңдаған параметрді тіркеп отырады. Ұшу траекториясы, биіктігі, жылдамдығы, жағдайы, қозғалтқыштың жұмысы, пайдаланылған газдардың температурасы, шасси мен қанаттардың жағдайы, әр деталь бақылауда тұрады.

Алайда «қара жәшіктердің» деректерін толыққанды талдап, мағынасын аша алатын әлемде тек бірнеше мамандандырылған орталық бар. Әрқайсысының бағыты бар десек те жаңылмаймыз. Мысалы, германиялықтар Еуропада жасалған «қара жәшіктерді» оқуға машықтанған. Басқа жағдайда мамандар шетелдік әріптестерінен көмек сұрап отырады.

Бір қызығы, осынша жазба жүргізетін «қара жәшіктерді» дамыту бұнымен тоқтамайтын секілді. Өйткені келешекте ұшақтың кабинасында болып жатқан оқиғаларды бейнежазбаға түсіру әдісі де енгізілуі мүмкін.

Тағы ескерер жайт, «қара жәшік» деп жалпылама атау бергенімізбен, шындығында олардың түсі қара болмайды. Оңай табылуы үшін ашық-қызғылт, сарғыш түстермен бояйды.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңына әзербайжандық ұшақ құлағаны, жолаушылардың ішінде 6 қазақстандық болғаны жария етілді.

Ал 29 желтоқсанда апаттың нақты себебін анықтау үшін ұшақтың «қара жәшігі» Бразилияға жіберіледі.

Фото: 24 kz

Байланысты жаналықтар

Шымкентте бәйшешек гүлдей бастады

22.02.2025

Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылды

21.02.2025

Жоқ үйлерді жалға беріп келген Астана тұрғыны ұсталды

21.02.2025

Павлодарда мектеп күзетшісі мас күйінде оқушыны ұрған

20.02.2025

ШҚО-ның бір ауданында жұмыс уақыты 1 сағатқа шегерілді

20.02.2025

Ақмолада мектеп автобусы 10 жастағы қызды басып кетті

19.02.2025
MalimBlocks
Шымкентте бәйшешек гүлдей бастады

Көктемнің басталуына әлі бір апта бар

Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылды

Жоқ үйлерді жалға беріп келген Астана тұрғыны ұсталды

Ол Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен

Павлодарда мектеп күзетшісі мас күйінде оқушыны ұрған

ШҚО-ның бір ауданында жұмыс уақыты 1 сағатқа шегерілді

Ақмолада мектеп автобусы 10 жастағы қызды басып кетті