"Ақтөбе" футбол клубында ойыншылардың тамағына бөлінген қаражат жымқырылған

Бас прокуратура "Ақтөбе" футбол клубында жымқыру дерегін анықтады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасы "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасы шеңберінде Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ақтөбе футбол клубы қызметі тексерілді.
Нәтижесінде 250 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Оның ішінде ойыншылардың трансферлері және әуе тасымалдау бойынша күмәнді мәміле жасау.
Сондай-ақ, ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражат клуб қызметкерлерімен жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Тексеру қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша 3 соталды тергеп-тексеруді бастады.
Қылмыстық істер тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.
Істердің тергелуі облыс пркуратурасының бақылауында.
Фото: sports.kz