«Harmony Rider Technology» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Ақтөбеде қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
«Заң және Тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен «Harmony Rider Technology» (HRT) инвестициялық жоба ретінде жасырылған қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды.
Өзін электрсамокаттарды жалға берумен айналысатын америкалық компания ретінде таныстырған бұл ұйым азаматтарға күн сайын 12-ден 690 АҚШ долларына дейін табыс табуды уәде еткен.
Сондай-ақ, жаңа инвесторларды тартқаны үшін криптовалюта түрінде бонустар ұсынылған. Алайда іс жүзінде төлемдер жаңа салымшылардың қаражатынан жүзеге асырылып отырған, бұл қаржы пирамидасының айқын белгілерін көрсетеді.
Алаяқтық схема салдарынан 100-ден астам адам зардап шекті. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 197 млн теңге болды. Ұрланған ақша криптовалюта әмияндарына, содан кейін жеке банк шоттарына аударылған.
Қылмыстық іс аясында 70 млн теңгеден аса сомаға мүлікке тыйым салынды. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ақтөбе облысының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және күмәнді кәсіпорындарға қаражат салмауға шақырады.
Бұл компанияларды ресми «Baiqa, piramida!» Telegram-боты арқылы тексеруге болады.
Фото: Pixabay.com