«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе өңірінде 7300-ге жуық көшет егілді

Бүгін, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өңірдегі 200-ден аса елді мекенде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Алтын Орда шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында ағаш отырғызу шарасына қатысты. Сенбілікке ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері белсенді атсалысты.
Олар саябақ аумағын ретке келтіріп, ағаштар отырғызылды.
Сенбілік барысында 200 түп үйеңкі мен ақ қайың көшеті отырғызылды. Жалпы өңір бойынша 770 гектар аумақта барлығы 7 300 түп жасыл желек егілді.
Айта кету керек, 2021 жылдан бері облыс аумағында 332 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Биыл көктемде тағы 55 мың түп ағаш егілді. Ал күзгі маусымда 113 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүгінде еліміздің барлық өңірінде экологиялық жағдайды жақсартуға және көгалдандыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әрбір тұрғын өз елді мекенінің тазалығы мен көркеюіне жеке жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Тек бірлескен еңбектің арқасында біз нақты әрі тұрақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Мұндай сенбіліктер адамдарды біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырады, табиғатқа ұқыпты көзқарас пен жауапкершілік сезімін тәрбиелейді, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың көркеюіне үлес қосады», – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, Ақтөбе қаласында 13 қыркүйек пен 15 қараша аралығында «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалау бойынша күзгі екі айлық өтіп жатыр.
Фото: Ақтөбе әкімдігі