Павлодар тұрғыны екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секірген

Павлодар қаласында бір әйел бесінші қабаттың терезесінен екі баласын лақтырып, кейін өзі де секіріп кетті, деп хабарлайды Malim.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Нұрмағамбетов көшесіндегі көпқабатты үйде болған. Әйел адам бесінші қабаттың терезесінен екі баласын лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен. Бұл туралы облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Сағат 13:00-де өтіп бара жатқан тұрғыннан шақыру түсті. Оқиға орны — Нұрмағамбетов көшесіндегі көпқабатты үй. Әйел бесінші қабаттан екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі секіріп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдемнің үш бригадасы жіберілді. Олар алты минут ішінде жетіп барды. Балалар ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», деп хабарлады «103» қызметінің баспасөз қызметі.
Ауыр халде жатқан әйелдің өзі №1 қалалық ауруханаға жеткізілген.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, терезеден құлаған бір жарым жастағы бала ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген.
Қабылдау бөлімінде реанимациялық шаралар жүргізіліп, бала жансақтау бөліміне жатқызылған. Жағдайы аса ауыр: III дәрежелі жарақаттық шок, сананың деңгейі бойынша — III дәрежелі кома, кең көлемді бас-ми жарақаты, бас сүйегінің бірнеше жерден сынуы, миға қан құйылу, сондай-ақ ішкі ағзалардың жарақаты тіркелген.
Екінші баланың да жарақаты ауыр: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйектерінің сынуы, ішкі ағзалардың зақымдануы. Жағдайы ауыр, ол да жансақтау бөліміне жатқызылған. 1991 жылы туған әйел ес-түсінде, жағдайы ауыр. Диагноз: жабық бас-ми жарақаты, қол-аяқ сүйектерінің сынуы. Қазір реанимация бөлімінде, оған интенсивті терапия жүргізіліп жатыр.
Полиция оқиғаға пікір білдірді. Әйел психикалық есепте тұрған, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға қатысы бар әйел психикалық денсаулығына байланысты мамандандырылған медициналық мекемеде есепте тұрған. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Белгілі болғандай, 30 шілде күні Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесіндегі көпқабатты үйдің 4 және 5-қабаты аралығындағы баспалдақ алаңынан екі кішкентай бала мен әйел құлап кеткен. Олар кіреберістің шатырына құлаған, зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты «Өлтіруге оқталу» және «Өз-өзіне қол жұмсау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда болған оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталуда.
Фото: gov.kz

Ең көп оқылған
