Полиция туыстарына естіртпей адам жерлегені үшін айыппұл төлейтін болды

Ақтөбе облысының Полиция департаменті туыстарына естіртпей, 52 жастағы тұрғынды жерлеген. Қаралы отбасы ер адам қаза тапқанын бірнеше ай өткеннен кейін ғана білген, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Аман Жақаев былтыр жазда суға кетіп мерт болған. Қарт анасы мен бауыры іздеу жариялап, күзде ғана тәртіп сақшыларынан оның қайтыс болғанын естиді.
Ең сорақысы полицейлер оны аты-жөні белгісіз адам ретінде нөмірлеп, қала шетіне жерлеп тастаған. Бауырлары марқұмды арулап, "өз шаңырағынан аттандыра алмадық" деп ашынады.
Кейін олар тәртіп сақшыларын сотқа беріп, моральдық шығын ретінде 4 миллион теңге талап етті. Алайда сот марқұмның анасына 300 мың, қарындасына 300 мың теңге төленсін деген шешім шығарған.
"Талап қоюшылар жауапкерлердің әрқайсынан 2 миллион теңге көлемінде моральдық зиян ретінде өтемақы өндіруді сұраған. Сот шешімімен Ақтөбе облысының Полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 300 мың теңгеден өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - деді Ақтөбе облысы соты баспасөз қызметінің бас маманы Жансая Тайырова.
Фото: видео кадры