Тараз құрылыс бөлімінің басшысы 4 жылға сотталды

Тараз құрылыс бөлімінің басшысы 4 жылға сотталды, - деп хабарлайды Мalim.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты жалғастырып жатыр.
Тараздың соты қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Н. Қалдыбаевты, сондай-ақ мердігерлік ұйымдарының өкілі О. Ерболатұлын соттады.
Ерболатұлы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, ал Қалдыбаев мердігерлердің мүддесі үшін орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, ақша аударған.
Олардың қылмыстық қызметінің нәтижесінде мемлекетке 519 млн теңгеден астам шығын келтірілді.
Сот үкімімен Қалдыбаевқа 4 жыл, Ерболатұлына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан басқа, сотталған Қалдыбаев мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды, ал Ерболатұлына мемлекеттік, жеке ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қаржы бөлуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Фото: pixabay.com