Абай облысында жаңа су қоймалары салынады

Абай облысының әкімі Берік Уәли Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.
Салалық басқарма басшысы, өңірдегі су шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысқан жиында аймақтағы суармалы жерлердің көлемін арттыру, жаңа су қоймаларын салу және су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
2024-2028 жылдар аралығында облыстың Үржар, Мақаншы, Ақсуат, Көкпекті аудандарында су қоймаларын салу жоспарланған. Жоба іске асқан жағдайда суармалы жерлер орта есеппен 100 мың гектарға дейін ұлғаяды.
Бұл өңірдегі агросектордың дамуына, өнім көлемінің артуына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі кездесуде жоғарыда аталған су қоймаларын Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
«Сіздердің тараптарыңыздан жобалық-сметалық құжаттар әзірленсе, жобаларды бастауға болады. Бұл су қоймаларын салу Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарына енген. Жаңа су қоймаларының құрылысы халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірдің экономикасын дамытуға үлес қосады, жергілікті шаруаларды сумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі су қоймаларын салу өңір тұрғындары үшін өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Біздің облыс ауыл шаруашылығына бейім. Жоғарыда аталған жоспардағы су қоймалары салынса аймақтың ауыл шаруашылығына тың серпін беріп, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады. Облыс шаруалары бұл мәселені жиі көтереді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз» деді аймақ басшысы.
Фото: Абай облысының әкімдігі
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
