Алаяқтар танымал журналисті үйінен айырды: іс тергеліп жатыр

Талай журналистке тәлім беріп, қазақ ақпарат кеңістігіне еңбек сіңірген профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы журналист Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, алаяқтар алдымен "Энергосбыт" өкілі болып хабарласып, Қамзиннің жеке деректерін біліп алған. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып, үйіне қауіп төніп тұрғанын айтып, тез арада мүлікті сату қажеттігіне сендірген. Ақшаны Ұлттық банктің "арнайы шотына" саласыз деп алдап, курьер арқылы иемденіп кеткен.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Профессор бүгінде жалғыз өзі үйінде бекініп отыр. Ал пәтерді сатып алғандар түн ішінде келіп, үйден шығуын талап етіп, психологиялық қысым көрсетіп жүр.
Журналист Айбар Олжаев қоғам қайраткерлері мен құқық қорғау органдарын бұл іске назар аударуға шақырып, профессордың құқығын сот арқылы қорғауға көмектесуді сұрады. Ол әсіресе Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Парламент депутаттары және заңгер Абзал Құспаннан қолдау күтетінін жеткізді.
Фото: ҚазҰУ


Ең көп оқылған
