Алматы әкімі асфальтты жиі ауыстыруға қатысты ескерту жасады

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қала басшысы ақаусыз асфальт жабыны мен жиектастарды негізсіз ауыстыру жағдайларына ерекше назар аударып, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екенін қатаң ескертті.
Әкімнің айтуынша, жөндеу жұмыстары тек нақты қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы басты талаптардың бірі болып қала береді.
Сапалы урбанистикалық орта қалыптастыру мақсатында тексерілген жобалар қатарында:
Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысындағы сквер – жалпы ауданы 4,16 гектар. Қазіргі уақытта тоған құрылысы, ұңғымалар бұрғылау және инженерлік желілер тарту жұмыстары жүріп жатыр. Көгалдандыруға ерекше назар аударылатын болады.
Әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзеніндегі көпірді жаңарту жобасы – жұмыстың 60%-ы орындалған. Жасыл желекті сақтау мақсатында жобаға түзетулер енгізіліп, құрылыс уақытша тоқтатылған. Әкім көпірдің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, жағалау аймағының эстетикалық келбетін сақтау қажеттігін атап өтті.
1 500 орындық мектеп құрылысы – әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектеп жиһазбен қамтамасыз етілген, нысан жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Дархан Сатыбалды тек тиімді әрі қажет негізде жүргізілген жұмыстар ғана қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Фото: Алматы әкімдігі

Ең көп оқылған
