Полиция адамдарды жаңа кибералаяқтық туралы ескертті
Қазақстандық полицейлер мобильді құрылғылар пайдаланушыларын жаңа фишингтік алаяқтықтан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Соңғы уақытта азаматтарға жол ережесін бұзғаны туралы жалған хабарламалар жиі таралып жатыр.
Алаяқтар мессенджерлер мен электронды пошта арқылы жүргізушілердің деректері мен көлік нөмірлері көрсетілген «айыппұлды төлеу» сілтемесін жіберуде. Алайда бұл сілтемелер шын мәнінде фишингтік сайттарға апарады — карта деректерін енгізген жағдайда алаяқтар адамның банк шотына толық қол жеткізіп, ақшасын ұрлауы мүмкін. Кей жағдайларда мұндай сілтемелер құрылғыға вирустық бағдарлама орнатып, жеке мәліметтерді ұрлауға да мүмкіндік береді.
Полиция өкілдері «айыппұлды төлеу сілтемесі» — алаяқтықтың айқын белгісі екенін ескертеді. Егер азамат мұндай сілтемеге кіріп, жеке не банк деректерін енгізіп қойған болса, дереу банк картасын бұғаттап, банк пен полицияға хабарласуы және құрылғысын вирустарға тексеруі қажет.
Фото: ІІМ