Алматы облысында мал ұрлаумен айналысқан топ ұсталды
Қарасай аудандарында жасалған он 15 мал ұрлығы дерегіне қатысы бары белгілі болды

Криминалдық полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен мал ұрлығына қатысы бар бір топ адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап, Malim.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдік тудырған екі автокөлік тоқтатылып, олардың жүксалғышынан ұрланған 7 бас мал табылды. Оқиға орнында 28 бен 34 жас аралығындағы үш ер адам ұсталып, тергеу жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру нәтижесінде олардың әрекеттерінен Жамбыл ауданы Дегерес ауылының тұрғындары зардап шеккені анықталды. Ұрланған мал иелеріне қайтарылды.
Тергеу барысында ұсталғандардың Жамбыл және көршілес Қарасай аудандарында жасалған он 15 мал ұрлығы дерегіне қатысы бары белгілі болды. Құқық қорғау органдары олардың қылмысқа қатысы бар ықтимал сыбайластары мен ұрланған малды сатып алушыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Әзірге келтірілген шығын көлемі 20 млн теңге шамасында.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Фото: polisia.kz