АҚШ Қазақстан жерін 49 жылға жалға алады
Сенат заңды мақұлдады

Сенат «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы Алматы қаласында АҚШ-тың консулдық мекемесін салуға жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл туралы kazinform.kz-ке сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Аталған келісім Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-сессиясына қатысу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Құжат шеңберінде АҚШ Үкіметіне Алматы қаласында консулдық мекеме ғимараттарын салу үшін 70 593 шаршы метр жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Бұл шешім халықаралық дипломатиялық тәжірибеге толықтай сай келеді. Мәселен, Корей Халық Демократиялық Республикасы Елшілігіне Ұлыбританияда және АҚШ консулдығына Гонконгта 999 жылға жалға жер берілген. Бұл серіктестік қатынастардың ұзақмерзімділігі мен сенімге негізделген қалыпты практика, — деді Сенат депутаты Амангелді Нұғманов Сенат отырысында.
Сенатордың мәлімдеуінше, Алматы қаласындағы Бас консулдықтың аумағында АҚШ-тың есірткімен күрес агенттігі, Қазақстан Республикасындағы Сауда министрлігінің өкілдігі кіреді.
Оның негізгі міндеті — америкалық компаниялардың қазақстандық нарыққа шығуына жәрдемдесу, сондай-ақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту.
Келісім бойынша жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары нақты белгіленген. Жалға алу мерзімі үшін жалдау ақысы 25 миллион АҚШ долларын құрайды және бұл сома келісім күшіне енген күннен бастап 30 күн ішінде бірден төлейді. Сонымен қатар АҚШ Үкіметі жер учаскесі мен консулдық ғимаратқа қатысты барлық салық пен басқа да төлемдерден босатылады. Сондай-ақ консулдық ғимараттың құрылысына, оның күтімі мен жөндеуіне, байланыс қызметі мен электр, газ, су, жылу және басқа да коммуналдық қызметке қатысты барлық шығын АҚШ Үкіметінің есебінен жүзеге асырылады. Консулдықты жабдықтау мен жиһаздау үшін АҚШ Үкіметі импорттайтын барлық материал мен тауар кедендік төлемдерден, импорт салығынан және рұқсат алуға қатысты талаптардан босатылады, — дейді ол.
Одан бөлек, тараптар арасындағы келісімге сәйкес, құжат ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Қазақстан Республикасының Хьюстон қаласында Бас консулдық ашуына рұқсат береді.
Хьюстон — жасанды интеллектті пайдалана отырып шешімдер әзірлейтін жетекші технологиялық компаниялар мен стартаптардың орталығы, сондай-ақ инновация, энергетика және медицина саласында үлкен мүмкіндіктерге ие қала. Хьюстонда консулдық ашу АҚШ-пен инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ қазақ диаспорасы үшін консулдық және нотариаттық қызметтерге қолжетімділікті арттырады. Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы Орталық Азиядағы ең ірі визалық орталыққа айналады. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, тікелей шетелдік инвестицияны тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және бизнес пен қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді, — деп толықтырды депутат.
Сондай-ақ сенатор келісімді ратификациялау халықаралық серіктестердің елімізге деген сенімі артатынын айтып отыр.
Фото: gov.kz