Зеленский Трамппен не туралы сөйлескенін айтты

Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп 5 тамыз, сейсенбі күні телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Malim.kz.
"Президент Трамппен өнімді әңгіме болды. Ең бастысы – соғысты тоқтату. Әділ әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға бағытталған барлық күш-жігері үшін АҚШ президентіне ризашылық білдіреміз. Қан төгуді барынша тез тоқтату қажет, біз мұны толық қолдаймыз. Егер ресейліктер соғысты созбағанда, қаншама ай бойы бейбітшілік орнаған болар еді", – деп жазды Зеленский сөйлесуден кейін, сондай-ақ ол Трампқа Ресейдің соңғы шабуылдары туралы баяндағанын айтты.
Ол сондай-ақ санкциялар тақырыбын талқылағанын атап өтті:
"Ресей экономикасы құлдырап жатыр, сондықтан Мәскеу президент Трамптың ұстанымын және табандылығын ескермей қоймайды. Бұл көп нәрсені өзгерте алады", – деді Украина басшысы.
Зеленский Нидерланд, Швеция, Норвегия және Данияға Киевтің ең қажет қару-жарақпен қамтамасыз ету механизмі – Priority Ukraine Requirements List аясындағы көмегі үшін алғыс айтты. Бұл төрт ел қару-жарақты АҚШ-тан сатып алып, оны Украинаға беру үшін 1 млрд доллар бөлуге келіскен.
Сонымен қатар, ол АҚШ-пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты да талқылағанын жеткізді:
"Дрондарға қатысты келісім жобасын украин тарапы әзірледі, біз оны егжей-тегжейлі талқылауға және қол қоюға дайынбыз. Бұл ең маңызды келісімдердің бірі болуы мүмкін", – деп жазды Зеленский.
Вашингтон әзірге екі президент арасындағы келіссөздерге түсініктеме берген жоқ.
Фото: Ukrainian Presidential Press Service/Handout/AFP

Ең көп оқылған
