Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ экипажына ескерткіш орнатылды

2024 жылдың желтоқсанында апатқа ұшыраған ұшақ экипажының құрметіне арналған ескерткіш 26 маусым күні Ақтау әуежайы маңында орнатылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, монумент Әзербайжанның ұлттық қаһармандары — ұшқыш Александр Кальянинов пен бас бортсерік Хокума Алиеваның құрметіне қойылған.
Бұған дейін Әзербайжанда да апат салдарынан қаза тапқандарды еске алу үшін арнайы ескерткіштер орнатылған еді.
Ақтау маңында өткен мемориалдың ашылу рәсіміне қаза болғандардың туыстары, авиация саласының өкілдері мен жергілікті қоғам белсенділері қатысты. Жиналғандар құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
2024 жылғы 25 желтоқсан күні таңертең Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының Embraer 190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Әуе компаниясының мәліметі бойынша, ұшақ бортында 62 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. 29 адам тірі қалған.
Апатқа байланысты түпкілікті ресми қорытынды есеп 2025 жылы желтоқсанға дейін жарияланады деп жоспарланып отыр.
Фото: Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы


Ең көп оқылған
