Балаға аяушылықпен емес, махаббатпен қарау керек
Қазақстанда соңғы жылдары инклюзивті білім беруге қатты көңіл бөліне бастады. UMC Балаларды оңалту ұлттық орталығы жанындағы мектеп мұғалімі Гүлдана Нұрлыханмен ерекше балаларды оқытудағы қиындықтар мен оларды жеңу жолдары жайлы сөйлестік.
- Инклюзивті білім беру туралы алғаш қай кезде естідіңіз?
- Мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығында оқып, 2016 жылы университет бітіргеннен кейін Алматыдағы номері 63-ші жалпы білім беретін мектепке жұмысқа кірдім. Сол мектепте алғаш рет ерекше балалармен жұмыс істедім. Оқуды жаңа бітіріп, бұрын соңды мүгедектігі бар адамдардың қоғамы туралы білмегендіктен жұмыс істеу қиын болды. Түзету сыныбы, түзету кабинеті және инклюзия деген ұғымдарды бұрын мүлдем естімегем. Алған 9 сағатымның барлығы түзету сыныптары. Балалардың сөйлеу тілі дамымаған, естиді, ұғады, түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Әріптерді қате айтады.
Сол жұмысқа тұрғанда ең басында кеткен бірінші қателігім мектеп директоры маған: «Ол балаларға мән берме. Мектеп бағдарламасы бойынша сондай сыныптар ашу керек болды» деген. Мен сол кісінің сөзіне сеніп, жалақыма қосылған 10-15 мың теңгені ойлап, басқа пән мұғалімі келгенше, 45 минутты өткізсем болды деп ойлаппын. Қызығушылық болмаған. Мектептің елене қоймайтын жертөлеге жақын кабинеттерін де отырамыз. Балаларға зейін қойып сабақта бермеген екенмін. Ұзақ уақыт жұмыс істей алмай бір оқу жылын өткізіп кетіп қалдым.
- Ол жұмыстан кетуіңізге не себеп?
- 63-мектепте оқитын балалардың жартысынан көбі балалар үйінен болатын. Қалған жартысы қарапайым отбасынан. Ол жұмыстан кетуіме бір оқиға әсер етті. Бірінші сыныпқа сабақ беріп жатсам София деген қыз: «Апай бүгін сіз өлесіз ғой» деді. Біреу «өлесің» десе қарап отырмайсың ғой. «Неге олай дедің» деп сұрадым. Сөйтсем таңертең асханада тамақ ішіп отырғанда сол сыныптағы Степан деген баланың сөмкесін пышақ жүргенін байқап: «Оны не істейсің?» деп сұрапты. Степан: «Апайларды өлтірем, маған олардың ешқайсысы ұнамайды» деп айтыпты. Аутизмге ұқсас диагнозы бар бала болатын. Тілі дұрыс шықпаған, миға сигнал бармай қалады. Инспекторды, сынып жетекшісін шақырып, шу болып, бала бәрін мойындады. Өзіне ұрысқан мұғалімдерді көздепті. Олардың ішінде мен де бармын. Университетті жаңа бітіріп келген маған бұл қатты қорқынышты оқиға болды. Онда балалар бейәдеп сөздер айтып, алқамды, сырғамды жұлып алып, бетіме кітап лақтырады. Агрессивті балалар ғой. Ал мен жас маман болған соң, олармен тіл табысудың орнына қорқақтай бергенмін. Жұмыстан кетемін деп шешім қабылдадым.
- Инклюзивті мектептен көңіліңіз қалса, оған неліктен қайтып оралдыңыз?
- Ол кезде мен де инклюзивті білім беру туралы ақпарат болған жоқ. Мен бұл туралы ізденіп те көрмедім. Кейін 2017 жылы Ұлан газетіне жұмысқа шақырды. Газетке көбіне мүгедектігі бар балалар туралы жаза бастадым. Маған қатты әсер еткен бір кездесу болды. 2018 жылы Сорос Қазақстан қорының қолдауымен белгілі журналист Гүлнара Бажкенованың «Только не говорите это слишком» (Қазақша нұсқасы – «Жігер, жүрек және ниет болса») кітабының тұсаукесеріне бардым. Онда да біздің журналистикадағы ұстазымыз Жұлдыз Әбділда «менімен бірге барып материал жазасың» деп ертіп барды. Кітап инклюзив білім беру және инклюзив білім алған балалардың тағдырлары туралы. Мен оны тұсаукесерге барғанда бірақ білдім. Кітап кейіпкерлерімен танысып, олардың әңгімелерін тыңдағаннан кейін қатты ойлана бастадым. Үйге келгеннен кейін де есімнен кетпей қойды. Неге мектепке жұмысқа кірмей тұрып, осы туралы анықтап біліп алмадым екен деп ойладым. Сол кездесуден кейін осы саланы түбегейлі зерттеп шығамын деп шештім. Қызығушылығым артқан сайын түрлі кейіпкерлермен танысып, семинарлар, вебинарлар мен конференциялардан қалмайтын болдым. Фридрих Эберт қоры ұйымдастырған «Инклюзия және БАҚ» деген 3 айлық курсқа қатысып, ең алдымен осы сөздің мағынасын түсіндім. Бұрын инклюзив деп тек мүгедектігі бар адамдарды айтады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ЛГБТ өкілдері де, жыныс ауыстырған адамдар да, яғни өмір сүруінде ерекшелік бар барлық адамдар осы топқа жатады екен. Журналистика өзімнің болашағымды көретін саланы табуыма көмектесті.
- Қазіргі жұмысыңыз алғашқы жұмыс орныңыздан айырмашылығы бар ма?
- Ең алдымен, қазіргі көзқарасыммен алғашқы көзқарасты салыстыруға келмейтін шығар. Директордың: «Бұл балаларға басыңды ауыртпа, 45 минут уақытыңды өткізіп кетесің. Сенен ешкім жоспар да сұрамайды, ешкім есеп те сұрамайды» дегеніне сеніп, арқамды кеңге салып жүргенмін. Алғашқы жұмысымда біліктілікті арттыру семинарларына бару, инклюзив білім беру туралы іздену деген бір жыл ішінде мүлдем болған жоқ. Бір жылым балалардың бетіне қарап өткенін мойындаймын. Ауру балалармен бір жыл уақытымды текке кетірдім деп ойлағам.
Қазір мен де инклюзия туралы ақпарат бар. Балалардың психологиясы, олармен сөйлесу ерекшеліктері туралы аздаған білім бар. Сондықтан ең алдымен менің өзім де үлкен өзгеріс бар деп есептеймін.
Ал енді қазір жұмыс істеп жатқан жерге келсек, бұл елордадағы биыл ашылғанына 15 жыл болған UMC Балаларды оңалту ұлттық орталығы жанындағы түзету әдістемелік бөлімі, яғни инклюзив мектеп. Мұнда облыстық ауруханалардан жолдама алып келген балалар ем қабылдайды. Емнен босаған уақытта оқу бағдарламасынан қалмас үшін біз оларға сабақ береміз. Мұнда мұғалімдерге талап күшті. Мәселен, жұмысқа кіру үшін біліктілік пен білімнен бұрын арнайы осы орталықтың өзі құрастырған 100 сұрақтан тұратын тест тапсыру керек. Онда қарапайым қол жуу ережесінен бастап, өзің сабақ беретін пәннен де сұрақтар келеді. Оңалту орталығы болғандықтан гигиенаға, қарапайым медициналық көмек беруге де мән беріледі. Ең бастысы, баланың көңілінен шығу. 15 жылдай жұмыс істеген орталықтың көмегімен 10 мыңға жуық бала аяғынан тік тұрып, жүріп кеткен. Мұның өзі үлкен мотивация.
- Балалармен жұмыс процессі туралы айтып берсеңіз.
- Бұл жерде даун-синдромы, аутизм, ЗПР деген секілді түрлі диагноздағы балалар ем алып, сабақ оқиды. Үш қабаттан тұратын орталықтың екінші қабаты мектеп. Балалар диагнозына байланысты бөлімдерге бөлінеді. Мен Ақжол бөлімінің тәрбиешісімін. Балалардың емнен бос уақытын тиімді өткізуіміз керек. Жақында Тапқыр түлкі деген ертегіні қойдық. Қазір Қуыршақ театрын ашуға талпынып жатырмыз. Арбада отырған, анасы сүйеп жүретін, аяғын дұрыс баса алмайтын, табандары тірелмейтін балалар бар. Солармен жұмыс істеп, сахнаға шығарып, ән айтқызып, билетіп, уақыттарын көңілді өткізуге тырысамыз. Бастысы балаға аяушылықпен емес, махаббатпен қарау. Жасы 15-тен асқан ДЦП-ның әсерінен жүре алмайтын балаға қарап, аяп, жүрегің ауырып, қолынан ұстауға қорықсаң, бала оны бірден байқап, тартынып тұрады. Ал оны арбадан құлап бара жатқанда құшақтап сүйеп, бет-аузын сүртіп, басын дұрыс қойып, қол-аяғын уқалап берсең, ол ризашылығын білдіріп, қуанып күле бастайды. Осы кезге дейін инклюзивті білім беруге қатысты курс, семинарлардан үйренген басты сабағым осы болды. Тағы да білімімді жетілдіріп, ақылы курстарға болсын жазыла беремін. Дефектологиядан магистратура оқып алсам да, осы салада жұмыс істеуіме үлкен көмегі тиер еді.
Оқи отырыңыз: Можно ли считать казахстанцев с инвалидностью иждивенцами?
- Сіздің инклюзивті білім беру саласында жұмыс істеймін деген таңдауыңызға таңқалатын адамдар бар ма?
- Иә, ондай адамдар бар. Тіпті өзімнің жақындарым, достарым да, журналистикада жүре берсеңші, қиын жұмыста нең бар деп айтады. Тіпті мүгедектігі бар балалардың ата-аналары да қатты таңқалады. Алғаш танысқанда олар менің де мүгедек балам бар екен деп ойлап алады. Себебі біздің елде адамдар өз отбасында осындай балалар дүниеге келсе ғана мүгедектердің құқығы туралы, олардың қалай өмір сүретіні туралы ойланады. Меніңше, бұл үлкен қателік. Қоғамдағы әрбір адам осындай мәселелерге назар аударып, талқыға салса, бір-бірінің құқығын қорғауға көмектессе деп ойлаймын.
- Мүгедектігі бар балалардың мектепте білім алуы қаншалықты маңызды?
- Бір танысым бар 1993 жылғы, тек өз аты-жөнін ғана жаза алады. Басқа әріптерді білмейді. Анасының айтуынша ол заманда мүгедектігі бар балаларды оқыту мүмкіндігі болмаған. Сондықтан білім алмай қалған. Өкініштісі, ата-аналар баланың құқығын білмейді. Кез келген баланың басқалармен тең дәрежеде білім алу құқығы бар екенін білмейді. Сондықтан балалар мектепке бару мүмкіндігі болса да, мектеп қабылдамады деп, бір бөлмеге қамап, басқаларға көрсетпей, үйден шығармай өсіреді. Ол бала кейін қоғамға мүлдем бейімделе алмайды.
Негізі барлығы ата-анаға байланысты. Мен танитын біраз кісілер балалары мүгедек болып туғаннан кейін қалаға көшіп, жақсы мектепке берген. Баласы үшін көлік айдауды үйренген, баласын емдету үшін Еуропа аралап, сол үшін ағылшын тілін оқыған адамдар да бар.
Баланы қарапайым мектепке апару керек. Осы орталыққа Атыраудан 7 жасар қыз бала келді. 6 жасына дейін сөйлемеген және ешнәрсеге қызығушылық танытпаған. Яғни ойыншыққа да, киім-кешекке де қызықпаған. Бірде мектептегі тәрбие сағатына қатысады. Сөйлей алмағандықтан, тақпақ бермеген, бірақ сыныптастарынан қалмасын деп қатарға тұрғызып қойған ғой. Қатардағы балалар кезекпен тақпақ оқып жатқанда, жанындағы баладан микрофонды алып, алғаш рет былдырлап төрт жол тақпақ оқыған. Бала қатарластарымен араласқаннан кейін қызығушылығы оянған.
Мектептің ойнайтын рөлі ерекше менімен жасты Азамат деген жігіт бар. Үйден оқыған. Мектеп бітіргеніне 10 жыл болса да, әлі күнге мектеп бітіргенде соңғы қоңырауға шақырту алмағанына ренжіп айтады. Мектепке, сынып жетекшісіне деген реніші қалып қойған.
Мүмкіндігінше мектепте оқыту керек. Егер мүлдем мектепке бара алмайтын болса, оңалту орталықтарына апару керек. Бұл баланың болашағы үшін маңызды.