Азат Ысқақ: Ата-ана бала оқыта алмайтынын түсінді

Мемлекеттік мектепте сабақ берген, биылғы оқу жылында жеке меншік мектепке ауысқан қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Азат Ысқақпен бүгінгі әңгімеміз екі жүйенің айырмашылығы жайында болды. Ол қазақ тіліне қызықпайтын қаланың оқушыларына қалай сабақ өтіп жүргенін айтып өтті.

Ақниет Аманжолқызы

  • 11.11.2021

Бұйрықтар бойынша сабақ өтсек, балалардың тұлғалық ерекшеліктерін шектейміз

Сізді қазақ тілі пәніндегі ережелерді ерекше тәсілмен түсіреді деп естідік. Мектеп бағдарламасынан ауытқып, басқа тапсырмаларды неге бере бастадыңыз?

–Бұл мектеп бағдарламасынан ауытқу емес, бұл оқушылардың білімін жан-жақты толықтыру және олардың мен оқытқан пәнге деген қызығушылығын арттыру тәсілі. Мысалы, биыл мен жеке меншік мектепке жұмысқа ауыстым. Бұл жерде көбінесе жағдайы барлардың, байдың балалары оқиды. Және оларда қазақ тілі мен әдебиеті деген сабақ болса, «қазір отырып кітап оқимыз» немесе «түсінбейтін сөздерді жаттаймыз», «өлең жаттап келеміз» деген түсінік қана бар. Яғни сабақтың мәні дұрыс түсіндірілмеген. Оның үстіне қазір балалар гуманитарлық ғылымдарға қарағанда жаратылыстану бағытындағы пәндерге қатты қызығады. Мұны ең алғаш 2019 жылы Алматыдағы бұрынғы қазақ-түрік мектебінде істегенде байқадым. Сосын сауалнама жүргізіп, олардың рэпке, анимеге қызығатындарын білдім. Мен көркем бейнелеуіш сөздерді түсіндіруім керек. Оқулықтағы мысалдар көркем әдебиеттен алынған. Көркем әдебиеттің тілін ауыл балалары болмаса, қаланың балалары қайдан түсінсін? Бәрі 9-сыныпқа берілген Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» деген поэмасын түсіндіруден басталды. Ол жердегі идея негізінен президентті мақтау болған. Сосын мен оқушыларға альтернативті мысал ретінде ақын-аудармашы Тілек Ырысбектің «Нұрсұлтан» деген шығармасын оқып, ресейлік рэпер Слава КПСС-тің «Менің досым Владимир Путин» деген әнін тыңдауға кеңес бердім. Бұл тәсіл балаларға қатты қызық болды.

Астанаға келгеннен кейін 7-сыныптағы 20 оқушының 18-і Наруто (жапондардың аниме жанрындағы мультфильмі) деген анимені көретінін білдім. Балаларға композициялық талдауды түсіндіруім керек болды. Өздері білетін Нарутоны алып, сабақты толығымен соның негізінде түсіндіріп шықтым. Сабақты бекіту үшін өздері қызығатын фильм, аниме немесе ойындарына сюжетті композициялық талдау жасап келуді тапсырдым. Алғашқы сабақта осылай қызықтырып алып, келесі жолы дәл осындай талдауды көркем әдеби шығармаға жасаттым.

Сол сияқты метафораларды түсіндіру керек болғанда 91 тобындағы Zaq-тың:

Көре алмайтындар былай тұрсын.

Әңгімем менің Байтұрсынов,

ал панч лайндарым Тайсон, - деген жолдарын алдым. Әңгімесін интелектуалдылық, яғни, Байтұрсыновқа теңеп тұр деп түсіндірдім. Қазақтілді заманауи әншілердің сөздерін алып, соның ішінен мысал келтіруге тырысамын.

Бұл негізі бұрыннан бар нәрсе ғой. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы» кітабында етістік тақырыбын түсіндіру үшін пәленше мектепке келді демей, өз оқушыларыңның ішінен біреуін алып, мысалы, Нұрбол деген оқушы болса, «Нұрбол мектепке келді» деп түсіндіру керегін жазған. Балалар өз аттарын, өздері қызығатын таныс дүниені тақтадан көрсе, сабаққа қызығып, материалды тезірек үйренеді.

Сонда сіз оқулық қолданбайсыз ба?

–Өз басым оқулық мұғалімдерге көмекші құрал деп ойлаймын. Ең басында оқулықтар жарық көргенде олар көмекші құрал ретінде жасалған ғой. Біздегі мұғалімдер екі топқа бөлінеді: біріншісі, оқулықтан ауытқымай, тек соның шеңберінде сабақ береді, екіншісі, оқулықты көмекші құрал ретінде пайдаланып, жан-жақты ізденіп, өзінің креативтілігін көрсетеді.

Осы оқулық мәселесі өте күрделі секілді. Сіздің пән оқулықтарында кемшілік бар ма?

–Бірінші кезекте бәріне ортақ бірыңғай оқулық керек деп ойлаймын. Біз бұрын білім саласын жапондардың үлгісімен жасаймыз дегенбіз. Қазір Финляндиямен салыстырып жүрміз. Ал ол елде жалпы мектеп пен жеке мектептің ешқандай айырмашылығы жоқ. Ол жерде барлығы бірдей оқулықтармен оқиды. Білім жүйесіне осындай тиімді өзгерістер алып келгеннен кейін қаншама жылдан бері осы саладағы көшбасшы елдер қатарында тұр. Егер біз сол қатарға енгіміз келсе, олардың тәжірибесіне сүйенгеніміз дұрыс.

Мысалы, олимпиада немесе сондай бір жарыстар болатын кезде көп нәрсені байқаймыз. «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Жазушы» деген сияқты көптеген баспалар бар, олардағы тілдік материалдар мен дағдылар әртүрлі қарастырылған. Оның үстіне біздің оқыту мақсатымызбен сәйкес келмейді. II тоқсанның бірінші сабағында 9-сыныпқа жоспар бойынша Синтаксисті өтуім керек болатын болса, оқушылардың кітаптарында басқа тақырып тұруы мүмкін. Мұғалімде «Ұзақ мерзімді жоспар» бар, соған сүйеніп кітаптың кейбір беттерін тастап кетуге мәжбүр боламыз. Және қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарында балаларға берілген тапсырмалар қызық емес немесе ол тапсырмалар біздің жоспарға сәйкес келмейді.

Бір айтып кететін мәселе біздегі әртүрлі бұйрықтарда қарастырылатын нәрселер әдебиет деген ғылымның негізгі мақсатына қайшы келеді. Біз сол бұйрықтар бойынша, ережелер бойынша сабақ өтетін болсақ, онда балаларды бірдей ойлауға дағдыландырып, олардың индивиттік, тұлғалық ерекшеліктерін шектеуге әсер етеміз. Мен үшін қазір мектептегі ең басты құрал ол «Ұзақ мерзімді жоспардағы» мақсаттар. Сол мақсаттарға жету жолында жұмыс істейміз. Ол үшін қандай құралдар қолданатынымыз өз еркімізде.

Бағалау жүйесіне келсек. Бұрын тек 2-5-ке дейінгі сандар болатын. Қазір пайыз шығарып отыру керек.

–Қазіргі бағалау жүйесі оңайлаған. Себебі бала бұрын нәтижеге жұмыс істесе, қазір үдеріске, процесске бола оқиды. Күнделікті баға ол қорытынды бағаның тек 25 пайызын ғана құрайды. Екі суммативті бағамен, қорытынды баға қалған 75 пайызды құрайды. Мұғалім 4-5 сабақ бойы балалардан тапсырма сұрамай, материалды түсіндіріп, содан кейін барып бақылау алып бағалайды. Мұғалімге де жеңіл. Бір жағынан оқушы сабақ айтуым керек деп стресске түспейді. Одан бөлек қосымша балл алуға болады. Егер оқушы қосымша балл алғысы келсе, тапсырма сұрайды. Мысалы, оқушыларым қазақша уикипедияда жоқ, білім немесе мәдениет саласына қатысты материалдарды аударады. Youtube-тегі видеоларды аударатындар бар, тек аударып қоймай дубляж жасайтын оқушылар бар. Бір ай немесе бір тоқсан көлемінде тақырыбын менімен келісіп, осындай бір жоба жасайды. Әсіресе сабақ онлайн болғанда пайдасы қатты тиді.

Ата-ана бала оқыта алмайтынын түсінді

Онлайн білім алған балалардың білім деңгейі қандай? Балалар мектепке оралғандарына қалай қарап жатыр?

–Сабақтың онлайн болғаны баланың деңгейіне қатты әсер етті. Балалардың көп бөлігі өзі жалғыз отырып сабақ оқи алмайды, яғни, бұл жүйеге дағдыланбаған. Одан бөлек мұғалімнен тікелей кері байланыс алудың да артықшылығы бар. Сондықтан қазір сабақтың дәстүрлі форматта өтіп жатқанына бірінші кезекте балалар қатты қуанды. Әрине онлайн сабақ балалардың білім деңгейіне әсер еткен. Біз бірінші тоқсанның басында балалардан алдыңғы жылдардағы тақырыптар бойынша бақылау алып, түсінбеген сабақтарын қайта өтіп, 1-тоқсан бойы осы бағытта жұмыс жасадық. Әлі де жұмыс жүргізу керек. Және оқушы үшін мектеп достарымен кездесуге, сөйлесуге, бірге уақыт өткізуге арналған орын. Сондықтан олар достарымен қайта қауышып, мәз-мейрам болды. Тек онлайн сабақ кезінде басқа мектептен ауысып келген оқушыларда аздаған қиындықтар бар. Олардың жаңа ортаға бейімделуіне әдеттегіден көп уақыт кетеді деп ойлаймын. Балалардан бұрын ата-аналар да қатты қуанды. Олар өздері үйде бала оқыта алмайтындарын түсінді. Кейбірі сабақ әсерінен балаларымен қарым-қатынастары нашарлағанын айтады. Онлайн сабақтың пайдасы болса ол ата-аналардың мұғалімге деген көзқарасының өзгеріп, құрметінің артуында деп ойлаймын.

Мектепке оралғаннан кейін мұғалімдердің жазатын қағаздары көбейген жоқ па?

Қазір жеке меншік мектепте істеймін. Бұл жерде жалпы білім беру орындарына қарағанда бюрократия аз. Сондықтан ол жағы үлкен проблема болып жатқан жоқ. «Ұзақ мерзімді жоспар»-мен жұмыс істейміз. Қазір бізге қолайлысы осы.

Жеке меншік мектептің жалпы орта білім беру мекемесінен тағы қандай айырмашылығы бар?

–Жеке мектепте күнделікті әр сабаққа ҚМЖ(қысқа мерзімді жоспар) шығарып бару міндетті емес, яғни қағазбастылық аз. Мұғалімде шығармашылық еркіндік бар. Мен сабағымды сыныпта өтем бе, саябақта өтем бе? Өзім білемін. Одан бөлек дамуға мүмкіндік көп. Қосымша семинарлар, тренингтерге қатысуға болады. Мұғалім күнделікті костюм-шалбармен келу керек деген ереже жоқ. Өзіңе ыңғайлы киім киюдің өзі үлкен рөл атқарады. Техникалық жабдықталуы да жақсырақ. Осыған дейін Алматыдағы 93-мектепте, Білім-инновация мектебінде жұмыс істедім. Екеуінде де техникалық жабдық көп емес, қазақ әдебиеті кабинеті сәнделмеген, парталары да ыңғайсыз болған. Ал қазір мен әр сабақта технологияны көп пайдаланамын.

–Екі мектептің оқушылары мен ұстаздары арасында айырмашылық бар ма?

–Оқушыларға келсек, баласын жеке меншік мектепке берген адамдар олардың оқуын қадағаламайды. Оларға баланың ортасы маңызды. Яғни бай балалардың ортасында өссін деп ойлайды. Және баланың тәрбиесін де мұғалімге сеніп тапсырады. Мұғалімдер арасында айырмашылық бар деп айта алмаймын. Екеуінде де білімді, құндылықтары жоғары мұғалімдер бар. Меніңше, жеке болсын, жалпы болсын, кез келген мектептің миссиясы болуы керек. Оны мұғалімдерден бұрын сол мектепті басқарып отырған адам түсінуі керек және мұғалімдерге қандай талап қоятынын білу керек. Көптеген жалпы мектепте мұғалімнен тек есеп талап етеді. Алайда олар қағаз жүзінде барлық нормаларды сақтап, бірақ сабақ үдерісінде қиындыққа тап болады. Және мектеп ұстаздың шығармашылық дамуына көмектеспесе де, оған кедергі келтірмеуі керек.

Жалақыда айырмашылық бар ма?

–Қатты айырмашылық жоқ. Екеуінде де жоғары жалақы алу мүмкіндігі бар. Егер мұғалімнің стажы жоғары, мастер санатында, магистратура бітіріп, оған қосымша IELTS нәтижесімен сабағын ағылшын тілінде өте алатын болса, ауылдық мектепте жұмыс істесе, жалақысы өте жоғары болады. Мен Көкшетауда дене шынықтыру мұғалімін танимын, айлығы 800 мың теңге. Қарапайым ауылдық мектепте жұмыс істейді. Мемлекеттік мектепте де біліктілікпен жоғарғы деңгейдегі айлықты алуға болады. Бір ғана айырмашылығы жеке мектепте бұндай айлыққа жету мүмкіндігі көп уақыт алмайды, себебі мұнда санатқа қатты мән бере бермейді. Олардың санатқа және басқа факторларға тәуелді емес, белгіленген айлықтары болады. Мен де IELTS сертификаты болғаннан кейін, оқушыларым олимпиада жүлдегерлері болғандықтан, тәжірибем бар болғандықтан айлығым жоғары. Егер мен 1-2 жылдан кейін жалпы мектепке ауысатын болсам, айлығымда қатты өзгеріс болмайды.

Байланысты жаналықтар

Павлодарда мектепте шыққан өрт кезінде бір мұғалім зардап шекті

21.04.2022

Балаға аяушылықпен емес, махаббатпен қарау керек

14.12.2021

"Қазақтар одан әрі кедей әрі сауатсыз болады"

23.07.2020

Мектеп ҰБТ-ға дайындайтын орталық қана ма? - Кәсіби бағдарлаушымен сұхбат

01.06.2022

Қазақстан 12 жылдық білім беруге қашан көшеді?

23.02.2020

Атырауда сәләфилік мектеп заңсыз жұмыс істеп тұр  

12.09.2022
MalimBlocks
Павлодарда мектепте шыққан өрт кезінде бір мұғалім зардап шекті

Павлодарда мектеп өртеніп, бір мұғалім зардап шекті. Мектеп ғимаратынан 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды.

Балаға аяушылықпен емес, махаббатпен қарау керек

Қазақстанда соңғы жылдары инклюзивті білім беруге қатты көңіл бөліне бастады. UMC Балаларды оңалту ұлттық орталығы жанындағы мектеп мұғалімі Гүлдана Нұрлыханмен ерекше балаларды оқытудағы қиындықтар мен оларды жеңу жолдары жайлы сөйлестік.

"Қазақтар одан әрі кедей әрі сауатсыз болады"

Мектеп ҰБТ-ға дайындайтын орталық қана ма? - Кәсіби бағдарлаушымен сұхбат

Қазақстанда жаңа мамандықтар легі пайда болуы керек. Солардың бірі – кәсіби бағдарлаушы мамандар. Пилоттық жоба ретінде Павлодар облысы мектептеріне енгізілген. Бүгін біз кәсіби бағдарлаудың маңызы мен міндеті туралы осы сала маманы Диас Асановтан сұрап көрдік.

Қазақстан 12 жылдық білім беруге қашан көшеді?

Атырауда сәләфилік мектеп заңсыз жұмыс істеп тұр  

Сәләфиттер Қазақстан мектептеріндегі зайырлы форматта оқытуға үзілді-кесілді қарсы