Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың танымал университеттерінің «Болашақ» тізімінен неліктен алынғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда Бостон, Дейвистегі Калифорния, Оңтүстік Калифорния сынды бірқатар университетке азаматтарымыз көптеп оқуға түсе бастады. Мұның үстіне олар өте мықты, рейтингтері аса жоғары университеттер. Сондықтан аталған университеттерге тиісті сүраныс жібердік. Жыл сайын ондаған, ал Бостон университеті жүздеген шақырту хатын жіберу сырын сұрадық. Өйткені оларға түсу өте күрделі. Бірақ, көп адам оқуға түседі, - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте агенттік тілшісінің сауалына орай.
Оның айтуынша, аталған жоғары оқу орындарына түсуге кепілдікті қамтамасыз ететін компаниялар болған.
- Біз аталған университеттермен келіссөз жүргізіп, мұндай компанияларды алып тастауды өтіндік. Олай болмаған жағдайда тізімінен шығаратынымызды ескерттік. Өйткені, бізге сапа қажет. Алайда аталған жоғары оқу орындары ымыраға келмегендіктен осындай шешім қабылдауымызға тура келді, - деді Саясат Нұрбек.