freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға 6 жылға сотталуы мүмкін

Қоғам
ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға 6 жылға сотталуы мүмкін
Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

31 наурыз күні жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Еске салайық, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары аса ірі көлемдегі алаяқтық және ірі көлемде пара алу бойынша айыпталып отыр.

Сонымен қатар прокурор Toyota Camry автокөлігін тәркілеуді, Жақсылық Омарға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салуды және оны «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.

Жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауы, келтірілген шығынды өтеуі және кәмелетке толмаған балаларының болуы аталды.

Сот отырысында Жақсылық Омар шын жүректен өкінетінін және тергеу изоляторында болған уақыт ішінде болған жайттарды қайта ой елегінен өткізгенін айтты.

Айта кетейік, оған екі бап бойынша айып тағылған: «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық» және «Лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы».

Алдыңғы сот отырысында прокурор екі эпизод бойынша айыптау актісін оқыды. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.

Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші адамның өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімделген. Нәтижесінде оған 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігі берілген. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырған және содан кейін оны қайта көрмеген.

Кейін автокөлік үшінші тұлғаға қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа модельге айырбасталған. Тергеу мәліметінше, бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылды. Сотта жәбірленуші шығын өтелгенін айтып, шағымы жоқ екенін мәлімдеді.

Екінші эпизод ақпан айының басында болған. Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қалалық әкімдік қызметкерлерінің біріне кездесуде 20 миллион теңге әкелуді айтқан. Айыпталушының сөзінше, бұл талап емес, өтініш болған. Алайда айыптау тарапы мұны жалпы қамқорлық үшін пара алу ретінде бағалады.

Әкімдік қызметкері мұндай әрекеттің заңсыз екенін болжап, ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызмет бақылауымен ол қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған, айыпталушы келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы 6 миллион теңге қолма-қол берілген.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде ШҚО әкімдігінде бұл туралы мәлімет жоқ екені айтылып, оның «денсаулығына байланысты уақытша демалыс алғаны» хабарланған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу