Мектеп ҰБТ-ға дайындайтын орталық қана ма? - Кәсіби бағдарлаушымен сұхбат

Қазақстанда жаңа мамандықтар легі пайда болуы керек. Солардың бірі – кәсіби бағдарлаушы мамандар. Пилоттық жоба ретінде Павлодар облысы мектептеріне енгізілген. Бүгін біз кәсіби бағдарлаудың маңызы мен міндеті туралы осы сала маманы Диас Асановтан сұрап көрдік.

Ақниет Аманжолқызы

  • 01.06.2022

- Кәсіби бағдарлау деген не? Кәсіби бағдарлаушы деген кім?

- Қазір бізде көп адам кәсіби-бағдарлау (профориентолог) бағытын дұрыс түсінбейді. Оны тек қана мамандық пен мансапты таңдау деп қана ойлайды. Ал жалпы халықаралық үлгіге назар аударатын болсақ, кәсіби-бағдарлау үш бағыттан тұруы керек.

Бірінші бағыты білім алуды үйрену. Яғни, балалар өздерінің не үшін білім алуы керегін түсінуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыс емтихан кезінде де, басқа кезеңде де қатты көмек береді. Себебі, балалар оқуға бейімделе бастайды. Қазір күнделікті жаңа мамандықтар шығып жатқан заман. Сондықтан осы жаңа және қазіргі бар мамандықтар туралы ақпарат беріп, өзгерістерге бейімдей алатын адамды кәсіби бағдарлаушы дейміз.

Оның жұмысының екінші бағыты, мансапты таңдауға көмектесу. Яғни оқушымен біргемамандықтарды зерттеп, мектептен тыс өмірге бейімдеу. Қазіргі жағдай қандай? Оқушы мектептің ішінде ғана жүреді, мектептен тыс әлемді бөтен адамдардың өмірі секілді бағалайды. Сосын мектеп бітіріп, әрі кетсе төрт жыл университетте оқиды да, одан шыққаннан кейін қоғамға қалай араласу керегін білмей адасып жүреді. Егер ол 8-9-сыныптан бастап мектептен тыс өмірді көріп, оған белсене араласа бастаса, ержеткенде қоғамға бейімделуі жеңіл болады. Яғни басты мақсат оқушыны комфортты жағдайдан біртіндеп шығарып, ересек өмірге ертерек араластыру. Бұл пафосты сөз болып көрінуі мүмкін, бірақ ойлап қарасаңыз адам өмірінің тек 11 жылын ғана мектепте өткізеді. Ал ересек адам ретінде 40-50 жыл өмір сүруі керек болады. Бала кезінде бағыт алуы немесе ала алмауы оның осы 40-50 жылдық өміріне әсер етеді.

Диас Асанов

Үшінші бағыты, коммуникативті-эмоционалды адам болып шығу. Оқушы адамдармен байланыс орнату, қоғамда өзін-өзі ұстау жолдарын білуі керек. Белгілі бір ортаға барғанда өзін таныстыруы, қиын жағдайларға төзе білуі, сынақтардың өткінші екенін ойлауы, бәрі осы жасөспірім кезде қалыптасады. Яғни кәсіби бағдарлаушы тек мамандық таңдатып отыра бермей, бала психикасының төзімділігін арттыруы керек.

- Негізі осы кезге дейін мамандықты балалардың өздері таңдап-ақ келді ғой?

- Иә, біз қазір соның зардабын көріп отырмыз. Оқу бітіргендердің 60 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Себебі олар өздерінің сол мамандықта не істейтінін, қоғамға қандай пайда әкелерін білмей, грант болған соң, ата-анасы, ұстаздары кеңес берген соң, оқуға түсе салған.Егер біз қазір оқушылардың жағдайын жасамасақ, оқушылар кейін жұмыссыздар қатарын толықтырып отыра береді.

- Кәсіби бағдарлауға оқушылардың қызығушылығы бар ма?

- Егер біз мұның бәрін мектептің ішінде өткізсек, сыртқа шығармасақ, мұның ешқандай пайдасы жоқ. Оқушылардың да қызығушылығы төмен болады. Мысалы, оқушы дәрігер мамандығына оқуға түсіп алғаннан кейін ондағы қиындықтарды, тосын жағдайларды көріп, 6-7 жыл грантта оқығанына қарамай, ол жұмыстан бас тартуы мүмкін. Себебі ол мамандыққа түсер кезде алда не күтіп тұрғанын білмеді. Ал қазір біз оларды ауруханаға ертіп барып жағдайды көрсетіп, алдын ала дайындық жасасақ, оның мамандыққа қатысты теледидарда көрген немесе ата-анасы айтқаннан бөлек шынайы көзқарасы қалыптасады. Мысалы, мен техникаға қызығатын оқушыларыммен бірге Hyundai көлік зауытына бардым. Олар сол зауытта қандай мамандар жұмыс істейтінін көріп, жұмыс барысымен танысып, қиындықтарын біліп, техниканы қолдану жолдарымен танысып, әртүрлі мамандармен сөйлесіп қайтты.

- Менің айтпағым, қазір оқушылар үшін мектеп «жұмыс» секілді болып кеткен. Мысалы, сабаққа барсам, мұғалімнің көзіне көрініп, үш-төрт сағат отырып қайтсам болды деп ойлайды. Оларға сіздің жан-жаққа ертіп барғаныңыз артық «жұмыс» болмай ма?

- Әрине әртүрлі бала бар. Мысалы, егер баланың ешнәрсеге құлқы болмаса, сабаққа қатысқысы келмесе, оны қанша бұрмаласаңыз да қызығушылығы оянбауы мүмкін. Біз қазір бірінші кезекте жүрегінің түбінде кішкене арманы бар балаларға назар аударамыз. Ізденгісі келетін балаға көңіл бөліп, оның қызығушылығын одан әрі жандандыруымыз керек.

Қазір оқушы мектепті ҰБТ-ға дайындайтын орын деп қабылдайды. Әрине ҰБТ, емтихан бәрі маңызды. Бірақ мұның бәрі мектептің бір ғана бөлігі. Біз сол цифрлардың соңында кетпей баланың ішкі жан-дүниесіне үңіле білуіміз керек. Мектеп жан-жақты ақпарат алатын кеңістік болып, ересек өмірге дайындай алатын дәрежеге жеткені дұрыс.

- Біздің мектептер оған дайын ба?

- Мектеп өзгеріске бейімделу керек. Біздің қазіргі жүйеміз 40-45 минут сыныпта отыр, 5 минут демал, сосын қайтадан сыныпқа қайтып кел дейтін жүйе. Оны өзгертіп, балаға еркіндік беру керек. Мен бастауыш сыныптың балаларын мектепке жіберіп қойыңдар немесе мүлдем оқуға назар аудармау керек деп тұрғам жоқ. 9-10-11-сыныптың оқушыларын ара-арасында мұғаліммен немесе кәсіби бағдарлаушымен бірге сыныптан тыс сабақ өткізуге жіберу керек. Онсыз да тест, емтиханды ойлап, алдында не күтіп тұрғанын білмей жүрген балаға одан әрі күш салмай, қолдау көрсету керек. Яғни кәсіби бағдарлаушының басты міндеті – балаға психологиялық, ақпараттық жәрдем беру.

Редакциядан: Қазақстан мектептеріне кәсіби бағдарлаушы (профориентолог) маманды енгізу туралы пікір былтырдан бері айтылып келеді. Сала бойынша мамандарды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті дайындауға кірісті. Әзірге психолог-кәсіби бағдарлаушы мамандығын магистратура дәрежесінде алуға болады.

Байланысты жаналықтар

Олжас Бектенов мектептегі тамақ сапасын жақсартуды тапсырды

19.11.2024

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры мектептегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті бастады

15.10.2024

Мектеп оқушылары күзгі каникулда 10 күн демалатын болды

14.10.2024

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

07.10.2024

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

05.10.2024

Павлодар облысында оқушы қыз тапаншамен ер баланы жарақаттады

01.10.2024
MalimBlocks
Олжас Бектенов мектептегі тамақ сапасын жақсартуды тапсырды

Премьер-министр Тамақтану стандартын әзірлеудің президент тапсырмасы екенін айтты

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры мектептегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік мониторингті бастады

Мектеп оқушылары күзгі каникулда 10 күн демалатын болды

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

Мектеп жасындағы қыздар құрбысын бейәдеп сөздермен қорлап, тізерлетіп кешірім сұратқан

Қазақстандықтар бүгін Ұстаздар күнін атап өтіп жатыр

Елімізде еңбек өтілі 30 жылдан асқан 5 мың мұғалім бар

Павлодар облысында оқушы қыз тапаншамен ер баланы жарақаттады