457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

"Би қойылғанын қолдамайды". Әлем чемпионатында пайдаланылған туынды желіде дау тудырды

"Композицияға жартылай жалаңаш болып билеу қате емес пе?"– деп жазды.

Қазақстанның көркем гимнастика құрамасы Бразилияда өткен әлем чемпионатында композитор Бауыржан Ақтайдың «Алаш аманаты» атты туындысын қойылымда пайдаланған. Алайда композитор шығармасының авторлық құқығы сақталмағанына наразылық білдіріп отыр, – деп хабарлайды Malim.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.   


Б.Ақтайдың айтуынша, кез келген қойылымды сахналау кезінде музыканың авторын ескеру міндетті. Ол шығарманы таңдағанда алдымен оны талдап, егер автор тірі болса, рұқсат алу қажет екенін, ал автор өмірден өткен жағдайда мұрагерлерінің келісімін сұрау керек екенін атап өтті. Бұл жағдайда ешқандай рұқсат алынбаған.   

Сонымен қатар, композитор өз шығармаларына би қойылуын қолдамайтынын, музыкасын биге арнап жазбағанын айтты.

«Мен арызқой немесе пайдакүнем емеспін, тек өз принципімді қорғаймын», – деп түсіндірді Бауыржан Ақтай өз әрекетін.

Ал Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын, бұл оқиға оның көңілін түсіргенін айтты. Өзінің 22 жылдық тәжірибесінде түрлі музыкаларды пайдаланса да, ешбір автордан мұндай талап естімеген екен.

«Мен «Алаш аманатын» әлемдік аренада қазақ елін таныту мақсатында таңдадым. Мақсатымыз – Қазақстанның атын шығару. Авторға айтарым: «Біз сіздің музыкаңызды бұдан былай пайдаланбаймыз, міндетті түрде ауыстырамыз». Дегенмен бұл отандық музыканы тастау деген сөз емес, тек басқа орындаушылардың шығармаларын таңдаймын», – деді Балғынбаева.

Осы орайда әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бір топ авторлық құқықтың сақталуын қолдап әрі әннің мазмұны "ашық киінуге" келмейтінін айтса, екінші топ Қазақстан құрамасының туындыны әлемдік деңгейде орындағанын мақтан тұту қажет деп есептейді.

Мәселен, Threads әлеуметтік желісіндегі қолданушы әндегі мәтіннің мағынасына байланысты:

"Бауыржан Ақтай ағамызға хейт кетіп жатыр екен, мен де өз пікірімді айтып кетейін.

Бауыржан Ақтайды Құрманғазы, Тәттімбет бабаларымыздың ізімен келе жатқан, тарихта қалатын тұлға деп білемін. Оның шығармасын рұқсатсыз алып, артынша ренжігенін қоя берші. 

Алаш Алаш азат бүгін

Тудай теуір ғажап күнім

Арыстардың арманындай

Қаным Қазақ Қазақтығым

Деген мәтіні бар композицияға жартылай жалаңаш болып билеу қате емес пе?"– деп жазды.

Ал оған қарсы жауап жазған тағы бір қолданушы аталмыш музыканың коммерциялық жоба болмағанын әрі еліміздің намысын қорғау үшін қолданылғанын айтады. Оның сөзінше, 14-15 жастағы балалар әлемдік аренада тек Қазақстанның атынан өнер көрсеткен және сол үшін оларды айыптауды әбестік көреді.

"Біріншіден, ол – би емес, жаттығу. Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрі. Екіншіден, 14-15 жастағы балаларды неге сексуализациялап тұрсыз? Жартылай жалаңаш емес, камзол-купальник пен лосины. Үшіншіден, бұл музыка ақша табу, тойға шығу, басқа да мақсатта емес, ел намысын қорғау үшін қолданылып тұр. Демек коммерциялық жоба емес", – деп жауап берді желі қолданушысы.

Фото: aikyn.kz