Елтаңба - елдің бет-бейнесі

Атырау шаһарында жиылған халықтың алдында Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі Елтаңбаға өзгеріс жасау қажеттігін ортаға салған-тұғын.
Президенттің пайымдауынша, гербімізге қарата айтылған әр алуан пікірлерді ескеретін кез жеткеніне екпін түсірді. Әсіресе, сыни рәуіштегі ойлар жиі көтеріле бастағанына тоқталды. Айталық, Елтаңбамызды жастар тарапы кеңестік кеңістіктегі рәмізге ұқсайтынын жеткізді. Сондықтан, құрылымы күрделі болса, мұндай пайым-пікірлер назарға алынғаны тиістігін атап өтті.
Әрине, бұл – он рет өлшеп, бір мәрте шешім шығаратын өзгеше жайт. Арнайы комиссия мәселені жан-жақты таразылай отырып, қоғамдық шеңберде ой-талқы жасамақ.
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мемлекеттік рәміздің өзгеруі қажет деген ортақ пікірлерге байланысты өзіндік ойын да қалыс қалдырған жоқ.
Ведомство өкілінің айтуы бойынша, елдің басты құндылығы санатындағы гербті өзгерте салу оңайға соқпайды. “Бұл алдымен мемлекеттік органдардың қатысуымен шешілуге тиісті ауқымды жұмыс. Тап қазіргі уақытта Елтаңба өзгертіледі деген нақты шешім айтылмады. Ол – елдің идеологиясына ықпалын тигізетін құндылық. Жалпы халықтың өмір тарихынан сыр шертетін маңызды атрибут. Бұқара халықтың ой сарабынан өткізіліп барып ұсыныстар қабылдануы керек деп есептейміз”-деді ол.
«Жаңа адамдар» қозғалысының жастары, сол сияқты басқа да мамандар гербіміздегі бес бұрышы бар жұлдызды кеңестік одақтың сарқыншағы деген пікірлерді айтып жатыр. Осыны ескере келе ойымызға осыдан ширек ғасыр бұрынғы мемлекеттік рәміздеріміздің бірі – туға қатысты болған талқылаулар оралады. 1994 жылы этнограф Жағда Бабалықұлы «Өз туымыз – өз үніміз» атты мақала жазып, өзіндік ой-пікірін айтқан болатын.
Бұл мақаланың жазылуына бірден –бір себеп – бостандыққа енді ғана қол жеткізген тәуелсіз елдің Мемлекеттік рәміздерінің өзгеруі, сонымен бірге жаңа байрағымыздың негізгі белгілері қандай болу керек деген пікірге байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдары сол тұста оңтайлы пікірлер алаңына айналып, аузының дуасы, сөзі байыпты адамдардан ақыл сұрады. Сонда мемлекеттік ту қандай болады?» дейтін сұраққа әркім әртүрлі ой тастап, пікір таластырды. Солардың ішінде әлгі нышандар бүкіл түркі халқының тарихына, елдің дәстүріне, алты алашқа, әлемге әйгілі «киелі жетіге»» қазақ халқының үш жүзіне, мұсылмандыққа ортақ болса деген пікірлер туындады. Осы айтылған пікірлердің біразы газеттерде жарияланды да. Бұл жөнінде түрлі партиялар мен азаматтық қозғалыстар да өз ойларын жариялап, ел-жұрттан пікір күтті. Сонда ортаға қойған екі жоба бар еді. Бірінші, жобада тудың өзі ашық көк аспан түсті, ортасына күн бейнеленген. Екінші жоба – тудың өзі ашық көк аспан түсті, ортасында күн. Ал, күннің ортасаында егіз бұрышты жұлдыз қойылған. Сегіз бұрыш жұлдыздың неге қосылып тұрғанын дәріптеуілер өз ойларын республикалық «Азат» газетінің 1991 жылғы 16-30 маусымдағы санында айтқан болатын. Бұған Ж. Бабалықұлы өзінше пікір білдірді. «...Үнді, Иран, Орта Азия сәулет құрылысы өнерінде көбірек кездесетін сегіз бұрышты жұлдыздың мазмұнын қалай дәріптесе де құдіретті күннің ортасынан ойып, орнын беріп, күн бетіне жара салу түсініксіз. Сонымен бірге, тарихымызға да, этнографиямызға да, тіпті ғылымға да жата қоймайтын ұсыныс сияқты. Өз басым бірінші жобаны құптаймын. Ол ашық аспан түсті ортасына күн бейнеленген көк Ту.
Дәл осындай ту Оңтүстік Қазақстанның Кіндіктас деген жеріндегі жартастың бетіне қашалған. Жартас бетіндегі суретте салт аттылар қолында «кез айырлы» жалау бейнесі бар да, топ алдындағы сол қолын көтерген жаяудың оң қолына ортасына күн бейнесі түісірілген ту ұстатылған. Осы суретті ғалымдар «Слава древних тюрк... VI – VII вв.» деп жазған екен. Мұндай суреттерді басқа жерлерден де кездестіруге болады. Егер дәл осы тастағы тудың түсі көк болса, бізге тарих дәлелдеп отырған көк ту – көк аспан осы екеніне ешқандай күмән жоқ. Ертедегі көктүрік атанған қауым аты, адамдардың өң-реңіне, киім-кешек түсіне орай айтылғаны хақ. Олар өздерін «аспанна түскен», «көктен тсүкен аспан елі», «көк елі», «біз көк еліміз» деп атағаны үшін көктүрік аталғаны шындыққа саяды. Жалғыз көктүріктер ғана емес, «біз көктен түскен елміз» дейтін аңыздар басқа елдер тарихында да бар. Ежлегі гүдердер өздерін күн еліміз, күннен баралғанбыз, жер жүзіне күн болып туған елміз деуіне орай, «Ерте күнде отты Күннен ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам» деп, кемеңгер ұлы ақын Мағжан бекер айтпаған болар. Ал біздің күн ұрпағынан тарағанымызға дау болмаса керек. Қазақ халқының сөздік қорында «аспаннан аяғы салбырап түскен құдірет», «аспанна түскен киелі аба», «киелі баба», «киелі ару – ұмай ана» деп тәу ететін және ашу-ыза қысқанда «аспаннан аяғы салбырап түссе де көрейін оны» деп кіжінетін сөздерінің төркініне қарағанда көктүріктердің көк еліміз, гүндердің күн еліміз дейтін аңыздары өзара кіндіктес жатқан сияқты». Бұл тұрғыдан келгенде басылымдардағы жарияланымдар арқылы мемлекеттік маңызы бар символдардың өз дәрежесінде жұртқа жетуіне мұрындық болғанын аңғармай кетуге болмайды.
Айта кеткен жөн, Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау аймағында, хандар жатқан Сарайшық шаһарының маңында ұйымдастырылған Ұлттық құрылтай мәжілісінде Елтаңбамызға байланысты түрлі пікірлер туындап жатқанын айтып, оны сүзгіден өткізу жайын ойласуға үндеген болатын.
Фото: интернеттен