Энергетика министрлігі Орынбор зауытындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді

ҚР Энергетика министрлігі 2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында болған төтенше жағдайға қатысты ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрліктің хабарлауынша, «Газпром» мәліметі бойынша зауытқа ұшқышсыз әуе аппаратының шабуылы салдарынан апатты жағдай орын алған. Соның нәтижесінде кәсіпорын Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатқан.
Қазіргі уақытта зауыттың зақымдану деңгейі мен жұмысын қалпына келтіру мерзімдері туралы ақпарат ресейлік тараптан түскен жоқ.
Энергетика министрлігі Қазақстанның газбен қамтамасыз етілуі бұдан зардап шекпегенін атап өтті. Ішкі нарық тұтынушыларына газ қалыпты режимде, ешқандай шектеусіз жеткізілуде.
Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнындағы шикізат өңдеу мен мұнай өндіруге ықтимал әсер мәселесі кен пайдаланушыларымен бірлесіп қарастырылуда. Шығындар мен алдағы шаралар туралы қосымша ақпарат кейін беріледі.
Ведомство мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда. Министрлік ресейлік әріптестермен және кен орны операторларымен үнемі байланыста.
Фото: gov.kz