Матаев мектебі

Олжас Қасым

  • 01.11.2024

Қазақ журналистикасы десе, ХХ ғасырдың басындағы алаштықтар алдымен ауызға ілігеді. Солардың салған жолын, көрсеткен нысанасын, бағыт-бағдарын ту еткен қазақ баспасөзінің өмірге келгеніне де ғасырдан астам уақыт өтті. Әр кезеңде әртүрлі жағдайларды бастан кешті. Тәуелсіздік тұсында қазақ журналистикасы тақырыптық тұрғыдан да, мазмұндық тұрғыдан да заманауи тенденцияларға еркін ілесіп, өзінің үнін жеткізді. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпірге айналды. Осындай деңгейге жетуіне Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың қосқан үлесі бір төбе.

Сейітқазы Матаев басқаратын ұжым қазақ журналистикасының еркіндігін, батылдығын, шыншылдығын және бейтараптығын қорғау үшін көп жұмыс атқарды. Оның қазақтілді және орыстілді басылымдарға, медиаларға тең қарайтыны – ешқайсысын алаламай, қайсысы өткір әрі танымдық мәні зор материал берсе, соны қуаттайтыны ақпаратттық кеңістіктің бөлінуін азайтты. Онсызда екі әлемде жүргендей сезінетін кейбір жікшіл топтар Матаевтың бәріне ортақ принципі мен өзінің тұлғалық мінезін сыйлап та, ығып та аяқтарын тартуларына тура келді. Тоқсаныншы жылдардың басы мен екімыңыншы жылдары Матаев секілді сөзі уәлі, пайымы нақты азаматтар біздің ақпараттық майданды бүлінуден қорғады десек болады.

Ел арасында «ыстығына күйіп, суығына тоңып» деген бір қарағанда жаттанды секілді көрінетін, бірақ ондыққа дөп тиетін сөз бар.  Бұл әсілінде таңдаған кәсібіне шын берілген кәнігі маманға ғана қарата айтылатын сөз. Сейітқазы Матаев журналистика дейтін аласапыран кеңістіктің аптабына арқа, шуағына маңдайын тосқан жансебіл жан.

Ол өзінің бір сұхбатында журналистикаға келген жарқын сәттері 1980 жылдары басталғанын айтады. «Америкаға, Қытайға бардым. «Известия» газетінің тілшісі болдым. Бастапқыда меншікті  тілші қылып жұмысқа алған жоқ. Десе де уақыт өте келе ысылдық, түрлі кезеңді өткердік» деп ағынан жарылады.  Атап айтқанда, 1980-1982 жылдары ТАСС - КазТАГ-тың Торғай облысы, ал 1982-1986 жылдары Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып қалтқысыз еңбек етті. 1986-1989 жылдары облыстық «Индустриалды Қарағанды» газеті бас редакторының орынбасары, 1989-1991 жылдары «Известия» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болды. Қай ақпарат құралына барса да қаламы қайраулы қалпынан танған емес.   

Басқасы басқа, тарланбоз тұлғаның қатарластарынан алабөтен бір ерекшелігі – өз қазанымызда қайнап қана қоймай, әлемдік аренаға көтерілуі дер едік.  Қарымы бөлек майталман маман талай шетелдік ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, «Times», «The Washington post» секілді басылымдардың  журналистерімен әріптес болып, ілкімді шаруаларды шырғасын шығармай атқарды. Осылайша, Сейітқазы Матев жаһандық журналистиканың сапына қосылған еді.

Алғадай азамат Сейітқазы Матаев десек Қазақстан Журналистер одағы бірге айтылады. Камал Смайыловтай көсемсөз шебері сеніп тапсырған амантты жұмысты ол үйіріп, шиырып әкетті.  Республика бойынша журналистердің құқығын қорғап, олардың еркін ақпарат алуына мүмкіндік ашуға жәрдемдесетін, шығармашылық еңбектерін саралап, бағалайтын мықты ұйымға айналдырды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз баспасөзінде еркіндік, демократия кеңінен қанат жайды. Онда айтылмайтын тақырып, көтерілмейтін мәселе аз еді. Қазақстандық баспасөзден Парламент сескеніп, экс-президент Назарбаевтың өзі байқайтын. Баспасөздегі еркіндік, сөз бостандығы – еліміздің саяси реформа жасауын қалады. Сол тегеурінді журналистиканың қалыптасуына әлемдік журналистикадан хабары мол Матаев секілді кәсіби мамандар ерекше ықпал етті. «КазТАГ» агенттігі байыпты және шынайы ақпаратты жедел таратып, Қазақстандағы  әлеуметтік топтардың бәрінің ойындағысын уақтылы жеткізіп отырды. Қазақстандағы өзге ақпарат көздері «КазТАГ»-тан шынайы әрі нақты ақпаратты іліп әкетіп, өздерінің кәдесіне жаратты. Ол осы шыншыл позициясынан әлі де тайған жоқ.

Бір ғана мысал, екі жыл бұрын Сенат журналистерді жертөледедегі баспасөз залына қуып тыққан болатын. Өздерінің үйреншікті баспасөз залынан айырылып, өкпесі қара қазандай болып тұрғанда Қазақстан журналистер одағы араша түскенін білеміз. Парламенттің БАҚ қызметін шектейтін, журналистердің депутаттар мен шенеуніктерден сұхбат алу мүмкіндігіне тыйым салатын, өзге де журналистер қызметіне кедергі келтіретін ережесін батыл түрде сынады. 

Сейітқазы Матаевтың қазақ журналистикасындағы, баспасөзіндегі рөлін, қызметін, үлесін айтар болсақ, ең бірінші кезекте «КазТАГ» агенттігін сақтап қалуы.  «Кеңес одағы тарап, Тәуелсіз Қазақстан құрылған кезде Совет одағының телеграф агенттігінің біздің елдегі бөлімшесі де жабылды. Матаев «КазТАГ»-ты өз күшімен, еселі еңбегімен, қаржысымен қайтадан құрып, Қазақстанның ақпарат әлеміне әкеліп қосты», – дейді әріптесі, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи.

Қай  кезде де турасын айтқан адам, туғанына жақпайтыны мәлім.  Әр кездері «қоғамы қандай болса, баспасөзі де сондай», «билік БАҚ-пен  санасуы керек», «қазақ басылымдары сынға шорқақ» деп сұхбаттарында қазіргі заманның жайсыз тенденцияларын аяусыз  сынға алды. Мына бір сұхбатының үзіндісіне зер салайықшы.    

«Орыстілді баспасөз сенсация қуалап жазғанды ұнатады. Бір жағынан, таралымын арттыру, жұртты тарту соған итермелейтін тәрізді. Қазақтілді басылымның арасында да сенсацияға мойын бұра бастағандары баршылық. Орыстың газеттері оқырманға өтімділігін қамту үшін көбінесе криминалға, эротикаға бой алдырады. Ал қазақ газеттерінің менталитетінде ол жоқ. Мысалы, адам айтқысыз айуандық орын алды делік, қазақ газеті мұны жазуға жүрексінеді. Ал орыстілдісі керісінше, айғайлатып алдыға соны салады. Әрине, ашық қоғам болған соң солай болуы шарт та тәрізді. Дегенмен ұлттық баспасөздің өзіндік ерекшелігі, ұстанымы бар. Қазақтың тарихын, тілін, ділі мен дінін қорғаштайтын орыстілді емес, қазақ­тілді басылым. Біз соған мән беруіміз керек. Өйткені орыстілді басылым бұған көп жолай бермейді. Кейбірі тіпті қазақ баспасөзі бір-бірін іліп әкете көтерген мәселеге іштей де, кей жағдайда сырттай да қарсылық танытады. Яғни мемлекетке, ұлтқа, Тәуелсіздігімізге қандай да бір қатер төніп, қауіп білінсе, бұған ең бірінші кезекте қазақ баспасөзінің қорған боларына күмәнім жоқ».

Иә, содан да болар әділетке жақ болған Матаевты сүріндіргісі келетіндердің аз болмағаны айқын. Тіпті, қараулықты қақпан еткендер ұлы екеуін абақтыға да қаматтырып, дегенін орындатқысы келгені жасырын емес. Алайда, жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары олардың сотталуын қатаң айыптады. Жауырды жаба тоқығысы келгендердің әрекетінен ештеңе шықпады. Кінәсіздігі мойындалып, бостандыққа шықты.

Қазақ журналистикасында Матаев мектебі бар. Бұл – бейтараптық, шыншылдық, турашылдық мектебі. Ол осы мектебі арқылы бірнеше буынды тәрбиеледі. Басына қиын іс туған шақта бас иіп, сөзінен танып, кешірім сұраған жоқ. Өйткені, ісі ақ, ойы таза адам орынсыз бүгежектемеуге тиіс.

Матаев «ашықтық, демократия, журналистердің қарулы болуын» көксейді. Бұл оның боямасыз позициясы. 70-тің желкенін керген журналистика жампозының ұлттық баспасөзді өркендетуге қосқан үлесін әрқашан мақтанышпен айтамыз.

Фото: ©Sputnik/Серикжан Ковланбаев

Байланысты жаналықтар

Ақын Тоқтарәлі Таңжарық өлеңдері

01.12.2024

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

06.11.2024

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

31.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024

Түрмеден шыққан журналист Алсу Құрмашева – халықаралық сыйлықтың лауреаты

20.09.2024

«Қатты доп тиген бе?». Қазақша сұрақ қоюды «хайп» деген Нұралы Әліптің басы дауға қалды

19.08.2024
MalimBlocks
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық өлеңдері

Тоқтарәлі Таңжарық 1982 жылы ҚХР, Шыңжаң өңірінде дүниеге келген. «Түн парақтары» кітабының авторы. Ақын, журналист. "Дала мен Қала", "Қазақ Әдебиеті" газеттерінде жауапты қызмет атқарған. Қазір "Түркістан" басылымы редакторының орынбасары. Тоқтарәлі «Серпер» жастар сыйлығының иегері. Ақын өлеңдері «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында поляк тілінде кітап болып жарық көрген. Тоқтарәлі Таңжарық Польшада өткен конкурсқа бүкіл Орта Азиядан Қазақстан атынан қатысқан бірден-бір ақын.

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

Тележүргізуші денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

Дина Төлепберген кітабына күйеуі туралы тың ақпарат жазған

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

Түрмеден шыққан журналист Алсу Құрмашева – халықаралық сыйлықтың лауреаты

Марапаттау Рәсімі Нью-Йоркте 21 қарашада өтеді

«Қатты доп тиген бе?». Қазақша сұрақ қоюды «хайп» деген Нұралы Әліптің басы дауға қалды

Қазақстандықтардың сүйікті футболшысы Нұралы Әліп қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті айыптады.