Оразхан Кенебаев: «Мәдениетті насихаттау – ұлтты сақтау»

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 06.04.2021

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер Оразхан Кенебаев жас актерлерге ойынымен де, сөзімен де үлгі болып жүрген жан. Еліміздің талантты ұлы сахна өнерін, халық мәдениетін насихаттауда орасан еңбек сіңірді. Аға буынның мәдениетімізді дамытуға қосқан үлесі қалай айырықша болса, олардың қояр талабы мен айтар сыны да соншалықты орынды болмақ. Алдыңғы буын ағалардың айтқан ақылымен жол тауып, көрсеткен кемшілігімен ғана дамымақпыз. Осы ретте актердің өмір жолын, өнер жолын әңгімелеп, бүгінгі жас актерлердің талғам, талантын да сөз арқауы еттік.

Аға, бір сұхбатыңызда кедей отбасында тудым дейсіз. Сіздің буын, Жарасқанша айтанда, соғыстан соң туған ұрпақ. Тұрмыстың да оңалып кетпеген кезі. Осы қиын кезең, жоқшылық сізге не берді?

– Біз – кеңес үкіметінің тұсында білім алып, жетілген адамдармыз. Адал бол, әділ бол, таза жүр деп үйретті. Соның ең соңғы оқушысы біздің буын ба деп ойлаймын. Қадыр ағам: «Бір жаманы, бір жақсысы» дейді ғой. Ол уақыттың да сондай екі жағы болды. «Сіз бір таза адам екенсіз. Партияға ала қояйық» деп қолқа салды әскерде жүргенде. Сонда мен коммунист деген хрустальдан да таза болу керек шығар деген оймен «Жоқ, мен оған жете қоймадым» деп бас тартып едім. Алғанымыз сол, тазалық, әділдік деп есептеймін.

Қай жерде әскерде болдыңыз?

– Хабаровскіде, Қиыр Шығыста.

Бұл күні әскерден қашатын жігіттер бар, уақыты да бір жылға, қырық күнге қысқарды. Әскерге ер жігіттің барғаны дұрыс па?

– Ол кезде жолдасым, бір қызым болды. Бармауға да болатын еді. Оның үстіне аяғым трактордың астында қалып, быт-шыты шыққан. Бигустинов деген хирург комиссияда отыр екен. Есіне түсті. «Әй, мынау аяғың істеп тұр ма? Ары-бері қозғалтшы» деді, қозғалттым, істеп тұр. «Сен бармай-ақ қой, сіңіріңнің жартысы кеткен. Мен жәй ғана тіге салғам. Бітсе бітер, бітпесе көреміз» деген. Бітіп кетіпті. «Жоқ, аға, барам» деп тұрып алдым. Ал бардық. Ол кезде әскерге бармаған адамды адам деп есептемейтін. Басқа жерді білмеймін. Біздің ауылда солай еді. Енді көресімізді көрдік десек болады. -40 градус аяз, жел. Амур өзені 200 метр жерде ағып жатыр. Содан соққан жел адамды ұшырып алып кетеді. Постта тұрғанда, пима береді. Оның табаны жоқ. Ішінен етік киеміз. Бір тұлып береді. Ол тұлып, қыстай сол постта тұрады. Мен барам, мен кием, сіз барасыз, сіз киесіз. Қатып қалған. Бір қарыс жүні мұз боп тұрады. Бірақ патриоттық сезімді біздің санамызға жақсылап орнатқан ғой. Борышымызды өтеп, барлық денсаулығымызды сол жерге тастап келдік. Енді қазір ойлаймын, неменеге бардым? Сеніп жүрген үкіметім құлап қалды.

Қазір егемен елміз. Бару керек, сен қорғамасаң, мен қорғамасам, кім қорғайды. Ата-бабамыздың бізге аман етіп кеткен жері. Оны қорғау керек. Ал әскери адам болмағаннан кейін бір жыл ма, екі-үш жыл ма, ол жағын айта алмайтын шығармын.

Патриотттық сезімге тәрбиеледі дедіңіз ғой. Сол адалдық, тазалық кеңес үкіметінің идеологиясы емес, қазақ халқының өз бойындағы мінез шығар, әке-шешенің тәрбиесі шығар...

– Мүмкін, ол да мүмкін.

Әкеңіз қандай адам еді?

– Қарапайым тракторшы болатын. Жылқышы болды. Ұста болды. Қарапайым ғана адам. Көшеден бір тиын тауып алсаң, басыңнан жоғары көтеріп айғайла деп үйретті. Егер үш рет айғайлағаннан кейін ешкімдікі болмаса, алуға болады деп үйретті. Кедей отбасында болдық. Бізді аямайтын. Оқы деп сабаса ғой дей ойлаймын қазір. Бірақ әкемнен айналайын...

Сізді оқытты ғой. Мәскеуге жіберді.

– Оқытты, оқытты.

Неге оқытты? Сізді оқытуда қандай арманы болды деп ойлайсыз?

– Ол кісіде ешқандай арман болған жоқ шығар. Арман қуған – мен. Барам деген – мен, жалғыз сиырын сатып оқытқан – әкем. Рахмет. Жатқан жері жайлы болсын. Біздің ауылда төрт жылдық мектеп болды, бесінші сыныпты басқа ауылда оқыдық. Алтыншы сыныпта қайтып келдік. Сегіз жылдық ашылды. Сонымен әйтіп-бүйтіп бітірдік. Сол кездің бағдарламасы дұрыс па деп ойлаймын. Қазіргі балаларда ойлану жоқ. Телефоны қолында, бәрін сол жерден қарайды.

Сіз бізге ата сияқты адамсыз. Үлкен кісілермен сөйлесеміз, өзіміздің де қарттыққа бет алған әкеміз бар. Сол кісілердің әңгімесіне қарасам, «Әкем айтып отырушы еді, шешемнің сондай сөзі бар еді» деп отырады. Неге солай? Жас келген сайын ата-ананы сағынғандықтан ба, әлде кезінде қадіріне жете қоймадым деген өкініштен бе?

– Қазір бәрі санада жүріп жатыр. Тұрсаң да, жатсаң да, бата жасасаң да қасыңда жүреді. Бір істің жөнін таппағанда сол кісі қалай істер еді, не айтар еді деп ойлайсың. Адамның жасы келген сайын солай болуы заңды сияқты көрінеді.

Әкеңіздің несін сағынасыз?

– Айтқан сөзін, жүрген жүрісін, қасиеттерін. Шешеміз ерте 43 жасында қайтыс болып кетті. Бізде қыз болған жоқ. Қыздың орнында мен жүрдім. Ортаншымын. Қазақта екі бала оңбайды. Артық айтсам кешірерсіздер. Тұңғышын «шалдың баласы» деп еркелетіп қоя береді. Кенжесін «ой, бұл патша, осы үйдің иесі» деп шаң жуытпайды. Сонымен ерке боп өседі. Қиындау болады екен. Менің өз басымнан өтті. Бар ауыртпалық ортаншы балаға түседі екен. Одан жаман болған жоқпыз.

Бір сұхбатыңызда актерлігіңіз бір сыныптасыңыздың мойнына кішкентай бәкі тақап: «Қозы, Қозы» деп тұрғаныңыздан басталған шығар дейсіз. Оған дейін ынтықтық бар ме еді осы өнерге?

– «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмін көрген соң, соның әсерінен шыға алмай жүрдім. Кішкентай ғана қарандашты ұштайтын бәкі бар еді. Соны алып, таңертең сабаққа бардым. Ермұхан деген сыныптасым бар еді, соны жағадан алып: «Қозы, Қозы» деп, бәкімді тамағына тақап тұрғам. Бір бала шынтағымды түртіп кетті ме, Ермұханның тамағын тырнақтай ғылып, бәкі сырып өтті. Содан, Құдай салмасын, сол Төңкерістің ауылының, бүкіл Андреев ауданының бас кесері болып шыға келдім емес пе?! Сонда Нұрмолда деген ағамыз бар еді.  Бір газетті алды да маған берді. «Мынаны оқы актер болғың келсе» деді. Өзінің шәкірті екен. Оқысам, Маман Байсеркенов деген кісі туралы мақала шыққан екен. Кейін өзім де ол кісіден сабақ алдым. Ұстазым болды.

Төңкеріс сияқты электрі жоқ, клубы жоқ, дүкені жоқ ауылда өстік. 4-5 жасымызда радио келді. Свет келді. Табақ радио ішінде адамдар сөйлеп тұр. Керемет қызығам, соның айналасынан шықпаймын. Музыка ойнайды. Адамдары қандай екен? Соны бұздым ғой мен. Ішінде адамдар қандай екен деп. Фрак киіп, инструменттерімен отырған шығар. Ішін ашсам, қай-қайдағы дүние шықты. Әкем келді. «Әй, қара қасқа ит, мынауың не?». Сөзінің мәтелі еді. «Ішіндегі адамдарды көрейін деп едім» дедім. «Ой, мынау ақымақ екен ғой, адам ба десем» деп күлді.

Ұрды ма?

– Ұрған жоқ. Сонда бейсенбі, әлде жұма күндері радиоспектакльдер болатын. Сәбит аға, Фарида апай, Зәмзәгүл апай, Серке ағайлардың дауыстары. Күтіп отыратынмын. Содан болды ғой деймін. Ешқайда барғым келген жоқ. Өнерге барғым келді. Шешем ерте қайтыс болғаннан кейін, үйдегі інілеріме қараймын деп кешігіп келдім. Жас күнімнен бұл жерде тұрмаймын деп айтатынмын. Батпақ. Оқуға барамын деп жүретінмін.

Сіздің қатарластарыңыздан сұрасаң, көбінің өнерге келуі қызығушылықтан, я атақты кісілердің тануымен келетін. Ал бүгінгі жастар өнерге басқаша бір оймен келетін сияқты. Пенделік те болатын сияқты. Өзіңізде ұстазсыз, сізге қалай?

– Көпке топырақ шашудан аулақпын, қазіргі балалар білсем екен деп емес, ішсем екен деп туатын сияқты. Неге десеңіз, көретіндері – сол сауда. Актердің жұмысы оңай деп ойлайтын болуы керек. Қойны-қонышың түгел ақша деп ойлайтын шығар. Қазір көбі төлеп оқитын болды. Қазіргі заманның мен ұнатпайтын жері төлеп оқысам болды, мені оқудан шығармайды деген түсінік орнатты. Ата-аналары да ақшасын төлеп, оқытады. Қазір барлық жерде театр, телевизия бар. Кітап бар. Алдын ала осы бала неге ыңғайлы, өнерге ме, экономика ма соны зерттеп алу керек шығар. Өзі білмесе, білетін адамға көрсетсін. Бір пайыз таланты болса жетеді. Ал баланы білмей, келіп түсіріп жібереді. Содан шығып жатқан дүние ме деп ойлаймын. Баланы білу керек қой.

Сіздің курсыңызды қанша адам бітіреді?

– 25-28 адам түседі. 19-20 адам актер болады. Менің курсымды 17 бала бітірді. Бәрі өнерде. Кейінгі курста 50 пайызы өнерде. Енді 25 пайыз болатын шығар.

Қазіргі жас актерлер қаншалықты ізденеді?

– Мен бір дипломдық жұмыс қою үшін Шекспирдің «Макбетін» алдым. Сахналық нұсқасын жасау үшін 3,5 жыл уақытым кетті. 3 жыл дайындық жүргіздік. Балалармен 6,5 жыл уақытымыз бір пьесаға кетті. Қазіргі балалар не? Олар сөзін айтып шықсам болды деп ойлайтын болуы керек. Қазіргі сериалдарда шала-шарпы жаттаған сөзін камераның алдында айтып берсем болды дейді. Одан кейіпкер талап етіп жатқан режиссер тағы жоқ. Қазір қойылып жатқан спектакльдерде, киноларда кейіпкер жоқ. Форма бар. Форма арқылы адамның жан дүниесін ашу мүмкін емес. Бұрынғы Қапан, Серке, Әнуар ағаларымызбен қызметтес болдым. Әзекең басқарды. «Адамның қасиеттерін ізде» деуші еді. Қазір қасиетсіз адамдар көбейіп кетті. Сөйлейтін адамдар көп. Оқып актер болу мүмкін емес. Ол үшін 1 пайыз талант керек. Өнерге келген соң, оның шарты бар. Дарынды болмасаңыз, бармай-ақ қойыңыз. Менің ұстазым Г. Дмитриев деген кісінің айтатын. «Қырық жыл оқытып жақсы инжинер шығаруға болатын шығар, қырық жыл оқытып, жақсы актер шығару мүмкін емес» деп. Сол сөзге қосыламын.

Қазіргі жастар өздерінің дарыны барын біле ме? Әлде амбиция ма?

– Білімі жоқ адам оны қалай біледі. Ән айтатын шығар, сұлу шығар, көрікті шығар. Бірақ кәсіби білім болмаса, қалай айтады? Оны айтатын ұстаздар. «Мына балада қабілет бар, айналасын сезеді екен, біледі екен, сөзді сезеді екен» деп таңдайды. Ал бізде қазір таңдау аздау болып тұр.

Ұстаздарға байланысты ма?

– Төлегеннен кейін оқытуға міндеттісіз.  Бірақ мына бала  не ғып білмейді дегенде, сол кезде қатты қиналады екенсің. Ана бала неге біледі, мына бала неге білмейді? Төртінші курсқа дейін екеуін екі бөлек оқыттым ба? Жоқ. Өйткені балада ештеңе жоқ. Обал, қиналады бала. Сондықтан ата-аналарға айтатыным, балаларды білікті мамандарға көрсету керек. Қиналмасын, обал. Эмоциямен келіп түсті. Бітіргенше өзін де, ұстаздарын да, жанындағы жолдастарын да шаршатады.

Сізді театрдағы әріптестеріңіз қатал сын айтатын адам ретінде айтады. Бұл қаталдық неге байланысты?

– Бізде планеркада жиын болады. Сол кезде кемшіліктерді айтуға тура келеді. Көбінде қазақпыз ғой, көңіліне қарап: «Халық көп болды, жақсы қабылдады» деп айта саламыз. Маған ол ұнамады. Енді ешкім жоқ. Өзіміздің труппа. Айтсақ артықтығы болмас деп, мен бастаймын. Соны қазіргі күнге дейін жастар айтып жүр. Берік Айтжановпен анау күні киностудиядан бірге қайттық. «Аға, сіз керексіз. Театрға келіңіз» дейді. «Мен шақырмаған жерге бармаймын, әкем» дедім.

Қазір академияда мұғалімсіз. Зейнетке шыққаннан кейін кеттіңіз бе? Қалай болды?

– Кеткем жоқ. Кетірді десе болады. Ерлан деген бауырымыз директор болды (Ерлан Біләл – Б.Т). Жоғарыда Мұхамедиұлы министр болды. Жап-жас бала ғой. Директорлыққа әлі пісе қоймаған бала деп есептеймін өзім. Біз зейнетке шыққаннан кейін 4-5 жыл жұмыс істедік. Келді де, ылғи біз сияқты адамдарды жинап алып: «Сіздер арыз жазыңыздар. Елу пайызға жұмыс істейсіздер. Бірақ жұмысыңызды істей бересіз. Бірақ елу пайыз» деді. «Әкем, мен үйде жалғыз жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, басым жерге жетіп тұрған жоқ. Кейінгі балалардан қалмай жүгіреміз, жүгір десең. Секіреміз, секір десең. Мен істей алмаймын. Егер істесін десең, сахна тілінен сабақ беруге қалдыр» дедім. «Заң солай болса қайтеміз». Ол заң емес қой, директордың өзі шешеді. Кәсіподақтан шақырып едік, «Директордың өзі біледі. Оған кіресе алмаймыз» деді. Сонымен «арыз жаз да, арыз жаз». Жылдың аяғына дейін келісімшартым бар, жазбаймын деп жазбай қойдым. Жылдың аяғына дейін істедім. Кейін шығарып жіберді. 1999 жылдан бері академияда сабақ беремін. Сол жаққа бір жола ауысып кеттім.

Одан кейінгі директорлар шақырмады ма?

– Жоқ, шақырған жоқ.

Сол кезеңдерде Әуезов театрында директорлар тұрақтамай кетті. А. Маемеров, С. Әбдіқалықов келді. Осы театрға, өнерге, актерлерге кері әсер еткен жоқ па?

– Әрине, бәріне зияны болды. Егемендік алғалы әркім өзінің командасымен келетін болды. Өзім білемдік алға шықты. Бір-бір құдай келді. Сен кімсің, қандай еңбегің бар, оның ешқандай мәні бомай қалды. Ал ертеректе үлкен адамдар бар кезде, әркімнің өз орны болатын. Үлкен адамдар келе жатқан кезде, тұрып орын беріп, аяғын тартатын. Енді түзелетін шығар, бүйтіп тұра бермейтін шығар.

Қазір Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзі де өнердің адамы. Әкесі – жазуышы, өзі – музыкант. Осындай өнердің ішінен шыққан басшылар шын сахнаны түсінеді деп ойлаймын. Мәдениет саласындағы мемлекет саясаты жүйелене түсіп, өз жемісін молынан береді деп сенемін. Мәдениетті насихаттау – ұлтты сақтау.

– Үмітіңіз бар ғой?

– Үмітім бар.

 

Байланысты жаналықтар

Жұлдыз Әбдікәрімова отандық киноны сынады

02.10.2024

Тәуекел Мүсілім үшінші баласы дүниеге келетінін айтты

01.10.2024

Танымал театр актері өмірден өтті

10.09.2024

Ата-анасы үшін әйелінен ажырасқан актер екінші рет үйленбек

04.09.2024

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

29.08.2024

Нұрлан Қоянбаев өзіне көмектескен сатушыдан 2 тонна қарбыз сатып алды

19.08.2024
MalimBlocks
Жұлдыз Әбдікәрімова отандық киноны сынады

Актриса көпшілікке ой салатын туындылар көбейсе екен дейді.

Тәуекел Мүсілім үшінші баласы дүниеге келетінін айтты

Актер қыз болғанын қалайды екен.

Танымал театр актері өмірден өтті

Ол М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет еткен

Ата-анасы үшін әйелінен ажырасқан актер екінші рет үйленбек

Ол неке қию рәсімі өтетін орын белгіленгенін атап өтті

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

Актер табиғат аясында демалған.

Нұрлан Қоянбаев өзіне көмектескен сатушыдан 2 тонна қарбыз сатып алды

Бұл екеуінің екінші рет кездесуі.