Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылды
Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шығады
Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті, деп хабарлайды Malim.kz.
26 шілде мен 11 тамыз аралығында 205 елдің 10 500 спортшысы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында 80 отандасымыз бар.
Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты жазғы Олимпиада ойындары тарихында тұңғыш рет стадионда емес, табиғат аясында, яғни Сена өзенінің бойында өтіп жатыр. Осылайша, француздар дүбірлі дода басталмай жатып Олимпиаданың ерекшеліктерге толы болатынын ұқтырды.
Бұған дейін салтанатты рәсімнің шоу-думан жағын басқарушы маман Тони Эстанге France Press ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Спорт мерекесінің ашылу салтанатын өзенде ұйымдастыру – стадионда өткізуге қарағанда анағұрлым күрделі. Алайда мұның көрерменге әсері мүлде бөлек болатыны сөзсіз. Біз үшін ең маңыздысы осы», - деген еді.
Шынымен де, Париж шаһарын қақ жарып өтетін Сена өзенінің бойында ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсімі көпшілікті ерекше сезімге бөлеп жатыр. Қос жағалауға жиналған 500 мыңға жуық көрермен былай тұрсын, теледидардың ар жағындағы спорт сүйер қауым «бәрекелді!» десіп жатқаны анық.
Сәлден соң спортшылар шеруінде әр делегация жеке-жеке қайықпен өзен бойымен жүріп өтеді. Шеру 6 шақырымға созылып, Трокадероның алдында аяқталады. Онда салтанатты іс-шараның қалған бөлігі және шоу өтеді.
Үш сағатқа созылатын ашылу салтанатына 3 мыңға жуық биші, әнші, әртіс қатысады. Ашылу рәсімінің жартысынан астамы Күн шығып тұрғанда өтсе, ал қараңғы түскен соң ұйымдастырушылар ғаламат жарық шоумен таңғалдырмақ.