Павлодарда терезеден балаларын лақтырған әйел ем қабылдап жатыр

Павлодарда өз балаларын терезеден лақтырған әйел облыстық психикалық денсаулық орталығында мәжбүрлі ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
«Балалардың анасынан мәжбүрлі медициналық шара қолдану туралы шешім қабылданып, ол облыстық психикалық денсаулық орталығына орналастырылды», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, бұл іске қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілмеген, әзірге қадағалау органы материалдарды зерттеу үстінде.
Еске салайық, шілде айының соңында 35 жастағы әйел екі ұлын терезеден лақтырып, артынша өзі де секірген болатын.
2024 жылы туған кенже ұл ауруханада көз жұмды. Жеті жастағы үлкен бала облыстық балалар ауруханасында емделіп шыққаннан кейін әкесімен бірге Екібастұз маңындағы ауылға көшіп барды.
Қазір бала педиатр мен тар мамандардың тұрақты бақылауында, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның назарында. Оған ұзақ мерзімді оңалту қажет. Бала үйден білім алып жатыр, ал оның әкесіне сол ауылда жұмысқа орналасу үшін бірнеше нұсқа ұсынылған.
Фото: pixabay