"Пневмониядан кейін өкпеде тыртық қалуы мүмкін"
Коронавирус белгісі бар вирусты пневмонияның бактериалды пневмониядан айырмасы не? Вирусты пневмонияға шалдыққаныңды өз бетінше білуге бола ма? Вирусты пневмонияны емдеу жолы қандай? Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметінде осы және басқа сұрақтарға жауап берді.
– Адам пневмонияға шалдыққанын өз бетінше біле ала ма?
– Кейде адам өкпесі қабынғанын сезбейді. Өйткені өкпенің негізгі қызметі – газ алмасу. Оның үстіне өкпенің тек сыртқы қабығында болмаса, өкпенің өзінде нерв жоқ. Ал қабыну өкпенің ішінде жүреді. Сондықтан адам пневмония басталғанын сезбейді. Күнделікті өмірде өкпені 100 пайыз қолданбаймыз. Шамамен елу пайызын ғана қолданамыз. Тек спортсмендер ғана өкпесін 100 пайыз пайдаланады. Сондықтан өкпенің айтарлықтай бөлігі зақымдағанда оны көп науқас сезбейді. Тек ентікпе пайда болғанда ғана өкпе қабынғанын сезе бастайды.
– Адам қандай симптом кезінде ауруханаға қаралуы керек?
– Асылы, қазіргі кезде сақтанып жүрген маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанып, күнделікті жүгіріп немесе жаяу жүру керек. Арықтамау керек, алкоголь ішпеген жөн. Адам коронавирус жұқтырса, ауыр формамен ауыруы шарт емес. 100 адамның ішінен 15-20 адам ғана вирустың орта және ауыр түрімен ауырады. Орта және ауыр түрімен негізінен орта жастағы және қарт адамдар ауырады. Өйткені олардың иммунитеті баяу жұмыс істейді. Сондай-ақ 12 жасқа толмаған балаларда иммунитет толық қалыптаспаған, сондықтан олардың ауруы орташа немесе ауыр түрде өтуі мүмкін.
Көп адам ауруға шалдыққанын білмей, асқындырып алуы мүмкін. Немесе мұны жай тұмау екен деп, интернеттегі халық емін жасай бастайды. Сөйтіп, уақытты созып, ауруын асқындырады.
– Пневмонияны өз бетінше емдеудің салдары қандай?
– Бізде қазір көп адам ақылшы болып кетті. Адамдар көшеде басқа адамның киген киімін қайталағысы келетіні тәрізді басқа біреудің айтқан емін жасап көргісі келеді. Бірақ бір адамға пайдасы тиген емнің басқа адамға көмектесуі шарт емес. Өткенде байқағанымыздай, жұрттың көбі пневмония болмаса да, үрейленіп, дәріханаға кезекке тұрып, антибиотик алып іше бастады. Пневмонияны вирус туғызса, антибиотик көмектеспейді. Антибиотик бактерияны өлтіреді. Сондықтан өз өзімізге антибиотик тағайындасақ, иммунитетті әлсіретіп, жылайтын жағдайға жеткіземіз. Сол себепті дәрігермен кеңесіп, ауру қандай жағдайда өтіп жатқанын түсіндіріп, қосымша клиникалық зерттеулер жасаған соң ғана дәріні тағайындаған дұрыс. Антибиотиксіз-ақ құлан таза айығып жатқан адам көп.
– Пневмониядан кейін өкпеге не болады? Оның қызметі толық қалпына келе ме?
– Пневмонияның түрін ажыратып қараған дұрыс. Ауа мұрыннан кіріп, танау, кеңірдек, бронх пен бронхиоладан өтіп, соңғы жағында альвеола қапшығына кіреді де, оттегі мен көмірқышқыл газының алмасуы жүреді. Бактериалды пневмония кезінде альвеола ішінде қабыну жүреді, қапшық толып қалып, оттегі кіре алмай қалады. Емделген соң, ол қалпына келеді.
Ал вирусты пневмония кезінде қабыну альвеола қапшығының сыртында, қан тамырлар шоғырланған жерде өтеді. Сол қапшық айналасында қанның ұйып қалуы байқалады. Осы кезде клеткалар қабынуға қарсы сұйықтық бөледі, ол альвеола ішіне жиналады. Сөйтіп, тыныс алу қиындайды, ентікпе пайда болады. Мұны емдейді. Бірақ неғұрлым көп сұйықтық бөлінсе, оны емдеу соғұрлым қиын. Әлемдегі және өзіміздегі зерттеулер көп жағдайда өкпенің қатты зақымданған жерінде фиброз, яғни тыртық пайда болатынын көрсетті. Бірақ толық емделіп шыққан адамда ентікпе байқалмайды, дұрыс тыныс алып, оттегімен қанығуы жүз пайызға көтеріліп, ауруханадан шығып жатыр.
Бірақ бұл жаңа ауру болғандықтан, оның өкпеге ары қарайғы әсері қандай болатынын кейін көре жатармыз. Қазір зерттеу жүріп жатыр, біз вирустың әсерін тек болжай аламыз. Өкпе неғұрлым аз зақымдалса, соғұрлым тез жазылады, неғұрлым көп зақымдалса, тыртығын қалдырып кетеді.
– Кондиционерден пневмония шалдығуың мүмкін бе?
– Кондиционер қашанда да ауруды қоздыруы мүмкін фактор. Далада 35-40 градус ыстықта жұрт ғимарат немесе көлігінің ішінде кондиционер қосады. Артынша далаға ыстыққа шыққан кезде күрт өзгеретін температураның кесірінен иммунитет қатты төмендейді. Сөйтіп, ауру жұқтырып алуы мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, кондиционердің фильтрі ұзақ уақыт тазаланбаса, бұл да ауру тудырады. Кондицонердің фильтрін тазалап отыру керек. Әйтпесе ішінде бактериялардың кесірінен бактериалды пневмонияға шалдығуы мүмкін. Жалпы, кондиционерден гөрі бөлме терезесін ашып желдеткен дұрыс.
– Әлеуметтік желіде қалада жасалып жатқан дезинфекциялық жұмыстар пневмония тудырып жатыр деген қауесет тарауда. Бұған не дейсіз?
– Мұның бәрі қисынға келмейтін әңгімелер. Ұшақ немесе тікұшақ вирус себеді деп хайп ұстап жүргендер бар. Еуропа ғалымдары оған былай деп жауап берді: егер әлемдегі бүкіл коронавирусты бір жерге жинаса, оның салмағы бір келіден аспайды. Яғни вирустың салмағы болмашы. Бәлкім, жұрт қаралым, жеке басының пиары немесе ақша үшін осындай ақпарат тарататын шығар. Бірақ олар халықтың тағдырына бейжай қарайды, оған сенген адамдар зардап шегеді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, денсаулық сақтау министрлігі, ғылыми журналдардағы мәліметке сенген дұрыс.
– Пневмониядан айыққан соң моншаға түсуге бола ма?
– Пневмониямен ауырған соң, өкпе енді қалпына келгенде, моншаға барсаңыз, бұл өкпеге одан бетер салмақ түсіреді. Өйткені монша ыстық, буға кіреміз, бұл қантамыр жүйесіне әсер етеді. Қан ұйып қалуы мүмкін. Ал бұл аутоиммунды ауру түріне ұласуы ықтимал. Пневмониядан кейін толық реабилитациядан өтіп, салауатты өмір салтын ұстанып, екі айдан кейін дәрігерге бір тексеріліп алған соң ғана моншаға барған дұрыс.