Президент қол қойған 10 заңның 9-ы қабылданды. IV Ұлттық құрылтайдан не күтеміз?
Құрылтайдың бұл отырысында азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы консолидацияны реттеу бағытында нақты шешімдер қабылданады

Бүгін Бурабайда IV Ұлттық құрылтай басталды. Екі күнге жалғасатын жиында құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салады. Құрылтайдың бірінші күнінде секциялық отырыстар Азаматтық қоғам, Мәдениет. Өнер. Руханият, Білім және ғылым, Әлеуметтік-экономикалық даму тақырыптары бойынша өтті. Бұл жиында қоғам үшін маңызы зор қандай бастамалар көтеріледі? Осыған дейін өткен құрылтайларда жасалған ұсыныстар мен тұжырымдамалар қалай іске асырылуда? Malim.kz белгілі қоғам қайраткерлері, депутаттар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікір-пайымын білді.
Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі: Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы жаңаша зерделенеді
Ұлттық құрылтайдың хатшысы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бурабайда өтіп жатқан құрылтайдың «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбындағы секциясында модератор болды. Министр бұған дейін өткен жиындарда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталды. Соның бірі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайына қатысты.
«2023 жылдан бері кесенеде кешенді ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Аталған жұмыс аясында кесененің конструкциялық тұрақтылығы, ылғалдану көздерін зерттеу жүзеге асырылды. 2025 жылға ғылыми реставрациялық жұмыстарға бюджеттен қаржы қарастырылған. Күн жылынғаннан кейін тиісті жұмысты бастаймыз. Сонымен қатар биыл Түркістан қаласында өтетін халықаралық симпозиумға дайындық жұмысы басталды. Жиын аясында Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы жаңаша зерделеніп, оның хикметтерінің мәні мен маңызы терең талқыланады», деді министр.
Айман Омарова, заңгер: Түрмедегі әйелдер мәселесі оң шешімін табуға тиіс
Бұған дейін өткен құрылтайдан кейін Президентке хат жолдаған едім. Ол хатта мен түрмедегі әйелдердің мәселесін көтерген болатынмын. Осы бағытта арнайы зерттеу жасадым. Түрмеде 6 мекеме бар екен әйелдерге арналған. Сол 6 мекемнің екеуі 1937 жылы соғылған. Соның біреуі - Жауғашты. Онда әйелдер балаларымен отыр. Мысалы, ол жер 550 адамға шақталған болса, бүгінде сотталғандар саны 650-ден асып кеткен. Зерттеу көрсеткендей, сотталған азаматшалардың көбі алаяқтық жасағандар. Жағдайы жоқ әйелдер.
Перзидентке жазған хатымда әйелдердің амнистиясы жайлы айттым. Заңға өзгерістер енгізу қажет. Президент тарапынан әйелдер мен балалардың құқығына баса назар аударылып жатыр. Сондықтан, бұл ретте ертең Бурабайдағы жиында Мемлекет басшысы оң шешім шығарады деп сенемін.
Жанарбек Әшімжан, парламент мәжілісінің депутаты: Ұлттық құрылтай ашық диалог алаңына айналды
Атырауда өткен құрылтайда заң шығарушы органның алдына қоғамдағы әр түрлі әлеуметтік мәселелер шығарылып, нәтижесінде бірқатар заңдар қабылданды. Құрылтайдың бұл отырысында азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы консолидацияны реттеу бағытында нақты шешімдер қабылданады. Түркістан құрылтайынан бастап 4 бағытта секциялық жұмыстар басталған. Соған сәйкес, азаматтардың тұжырымдамалары негізінде ұсыныстар берілді. Сол ұсыныстардың стратегиялық бағыт-бағдарын айқындау мақсатындағы әріптестеріміздің негізге алған, Президент қол қойған 10 заңының 9-ы жүзеге асырылды. Сондықтан, ұлттық құрылтай ашық диалог алаңына айналды деп айтуға болады.
Максим Рожин, парламент мәжілісінің депутаты: Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық консолидацияны дамыту
Ұлттық құрылтайға қатысушылар әр өңірден, әртүрлі саладан жиналған соң, ұсыныстарды жүелеу үшін бір күнде төрт секция жұмыс істейді. Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері сол секцияларда өз бағыттары бойынша ұсыныс береді. Секцияларда Ұлттық құрылтай мүшелері өз бастамаларын әріптестерімен және мүдделі барлық мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей талқылайды. Мен екінші секцияның отырысына қатыстым, оның тақырыбы — «Мәдениет. Өнер. Руханият». Секцияға жетекшілік етіп, модерация жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Секцияны бастамас бұрын министр Құрылтай мүшелерінің алдыңғы секциядағы ұсыныстарға, және ол бойынша осы уақытқа дейін қандай жұмыстың атқарылып жатқанына тоқталды. Содан кейін секцияға келген азаматтар өз ойларын ортаға салды. Ұлттық Құрылтайдың басты мақсаты – қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдау болғасын, секция мүшелерінің ұсыныстары дерлік осы бағытта болды. Ұсыныстардың легі сан алуан: дін, БАҚ, кино саласы, руханият пен мәдениет мәселелері, өңірдегі мәдени ошақтардың жетіспеушілігі секілді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Мемлекет басшысы Жолдауында оның мақсаты мен міндетін түсіндірді.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруы тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», – деді Қ.Тоқаев.
Ұлттық құрылтайдың тұңғыш жиыны 2022 жылы Ұлытауда өтті. Алқалы отырыста 42 ұсыныс ортаға салынған. Соның нәтижесінде, сол жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, қазақстандықтар Республика күнін қайта тойлауға мүмкіндік алды. Қазіргі «еңбек адамы» ұғымының бастауы Құрылтайға тиесілі. Алғашқы отырыста еңбекке баулу, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ойлар ортаға тасталып, әлемдік еңбек нарығындағы үрдістер талданғаны мәлім. Сол кезде айтылған ұсыныстар аясында биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
Маңызды жиын 2023 жылы Түркістан төрінде ұйымдастырылды. Мұндағы тақырып алдыңғымен шамалас: құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, маңызды институттардың жұмысын жүйелеу, креативті индустрияны дамытудың жай-күйі бар. Сол жолы Президенттен Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапаттар әзірленетінін білдік. 2023 жылы «Ел бірлігі» атты жаңа награда мереке қарсаңында белгілі азаматтарға табысталып, кейін тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер жарыққа шықты.
2024 жылы Атырауда өткен құрылтайда 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды. Құрылтайда лудоманияға шалдыққан қазақстандықтардың саны 400 мыңға жуық екені алғаш айтылды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандардың тағдыры кеңес мүшелерін бейжай қалдырмаған болатын. Кейін онлайн ойындарға қатысты арнайы заң қабылданып, сала оңала түсті.
Фото: Ақорда
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
