Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы 5 жылға сотталды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “Happy Life KZ” ЖШС-нің құрылтайшысын 5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот мәліметінше, айыпталушы бұл компанияны 2016 жылы құрған. Заңсыз әрекетін жасыру үшін ол “Айсәуле” және “КазБад” брендтерімен емдік сабын мен биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) өндіріп, сатқандай кейіп танытқан.
2016 жылдан 2024 жылға дейін пирамида “маркетингтік бағдарламалармен” бүркемеленіп келген. Бұл бағдарламаларға қатысу үшін салымшылар 7 500 теңгеден 1 600 000 теңгеге дейін жарна төлеуі тиіс болған. Осы уақыт ішінде айыпталушы жалпы сомасы 286 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Сотта 35 жәбірленуші танылып, олардың шығыны 16 миллион теңгеден асқаны айтылды.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Сот оның жасы келгенін ескеріп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және 7 жыл бойы халықтан қаржы тартуға қатысты қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: pixabay.com