457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қасиетті жерге казино салуға болмайды: Қоғам белсенділері дабыл қақты

Кейінгі уақытта елімізде тек шетел азаматтарына арналған жаңа казино аймақтарын ашу туралы ұсыныстар жиілей түсті. Маңғыстау, Жетісу, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары сынды өңірлерде ойын бизнесін дамыту мәселесі үкіметтік деңгейде көтеріліп, бұл бастама қоғамда қызу талқылануда. Алайда, Маңғыстау аймағынан шыққан азаматтар бұл ұсынысты ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылық тұрғысынан үлкен қатер ретінде бағалап отыр.

Еділ Жаңбыршин: «Құмар ойын – жай ғана ойын емес, бұл – әлеуметтік дерт»

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин үкімет тарапынан түскен бұл ұсынысқа алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені тек кіріс көзі немесе туризмді дамытудың құралы ретінде қарамауға шақырды.

«Құмар ойын – бұл жай ғана ойын емес. Бұл – әлеуметтік дерт. Казино көбейсе, ойынқұмарлық та артады. Отбасылар ыдырайды, қарыз көбейеді, маскүнемдік пен күйзеліс күшейеді. Біз бұл мәселені ұлттың саулығы мен болашағына әсер ететін күрделі қоғамдық мәселе ретінде қарауымыз керек», – дейді депутат.

Оның айтуынша, «тек шетелдіктерге арналған» деген шектеу тек қағаз жүзінде ғана. Ал іс жүзінде бұл шектеуді айналып өту жолдары – қос азаматтық, делдалдар арқылы өту немесе жемқорлықпен рұқсат алу – бұрыннан белгілі тәсілдер. Ең бастысы – бұл бастама экономиканы тұрақты дамытпайды, керісінше көлеңкелі экономика мен қылмыстың, тәуелділіктің, отбасылық күйреудің көбеюіне жол ашады.

Жәнібек Қожық: «Қасиетті Маңғыстауға казино емес, этноауыл салу керек»

Қоғам белсендісі Жәнібек Қожық Маңғыстауда казино ашу ұсынысына қарсы пікір білдіріп, оның орнына ұлттық туризмді дамытудың пайдалы жолдарын ұсынды.

«Пір Бекет ата жатқан, 360 әулие мекен еткен, қасиетті Маңғыстауға казино салуға қарсымын! Оның орнына этноауыл салуды ұсынамын. Бұл казинодан да көп табыс әкеледі», – деді ол.

Жәнібек Қожықтың пікірінше, казино салу тек экономикалық емес, экологиялық және мәдени қауіп төндіреді. Табиғи аймақтарға, киелі жерлерге салынған ойын-сауық мекемелері жергілікті халықтың өмір салты мен құндылықтарына қайшы келеді.

Айт-Ман Нұржан: «Қасиетті топырағымызды казиномен былғауға болмайды!»

Аймақ тұрғыны, белгілі ақын Светқали Нұржан да бұл мәселеге қатысты өз наразылығын білдіріп, бастамаға түбегейлі қарсылығын жеткізді. 

«Қасиетті топырағымызды осы уақытқа дейін былғағанымыздың өтеуін қалай толтырамыз деп қайғы шегудің орнына “казиномен жыртығымызды жамаймыз” деу – жыртықтық қана емес, рухани тыртықтық! Араммен бүйіріміз шықпай-ақ қойсын, адалымызды ұқсата алсақ – берекет те, болашақ та сонда болмақ!» – деді ол.

Ол сондай-ақ табиғи апаттар мен техногендік қауіптер туралы ескертіп, адамзат баласы үшін бұл заман – рухани жаңғыру мен табиғатпен үндес өмір сүру кезеңі екенін айтты.

Фото: sutterstokk