Қазақстанда жаңа комитет құрылды
 
                                Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өз құрылымында жаңа бөлім – Телекоммуникациялар комитетін құрды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа комитет туралы ережені бекіту жөніндегі бұйрыққа 22 қазанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Министрліктің мәліметінше, комитеттің негізгі міндеттеріне байланыс қызметтері нарығының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, оның ішінде телекоммуникация және пошта байланысы бағыттарын дамыту кіреді.
Сондай-ақ, комитет өз құзыреті шегінде байланыс пен пошта саласындағы қызметті және осы бағытта жұмыс істейтін субъектілердің қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады.
Алайда, кейінірек ЖИ және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі бұл комитеттің жаңа құрылым емес, бұрыннан бар орган екенін нақтылады.
«Телекоммуникациялар комитеті бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрамында болған. Министрлік қайта ұйымдастырылғаннан кейін комитет біздің құрылымда қалды. Біз телекоммуникация және байланыс бағытын бұрынғысынша жалғастырып отырмыз. Яғни, бұл жаңа комитет емес – қайта құрылған орган», – делінген ведомство хабарламасында.
Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Цифрлық кодекс туралы заңды жедел қабылдау қажеттігін атап өтіп, қазіргі профильдік министрліктің базасында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды ұсынған болатын.
Кейін белгілі болғандай, бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі кейбір функцияларын басқа ведомстволарға берді. Атап айтқанда, инновациялық саясат бағыты Ғылым және жоғары білім министрлігіне өтті.
Президент 18 қыркүйекте жаңа министрлікті құру туралы жарлыққа қол қойды, ал 29 қыркүйекте Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.
Фото: gov.kz
 
                         
                         
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                    